Қазақстанда жаңа сейсмологиялық бақылау орталығы пайда болады
Қазақстанда «Сейсмология институты» мен «Сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедиция» серіктестіктері біріктіріледі. Тиісінше, оған «Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы» атауы берілмек.
Алматы, NEGE. «Заңнамада белгіленген тәртіппен «Сейсмология институты» ЖШС мен «Сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедиция» ЖШС біріктіру жолымен жарғылық капиталында мемлекеттің 100 пайыз қатысуымен «Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып қайта құрылсын», - делінген «Мемлекеттік меншіктің кейбір мәселелері туралы» Үкімет қаулысында.
Жаңа ұлттық ғылыми орталықтың негізгі қызмет бағыттары - күшті жер сілкіністерін ғылыми болжау, ірі елді мекендер мен стратегиялық объектілерде сейсмикалық қауіпті бағалау, сондай-ақ ел аумағында сейсмикалық қауіпті аймақтарында кешенді сейсмологиялық мониторинг жүргізу.