Қазақстанда бір аптада 3 мыңнан астам қылмыс тіркелді
Бір апта ішінде еліміздің аумағында 3 125 қылмыс тіркелді. Бұл туралы ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлімдеді.
Ресми өкілдің дерегінше, полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 6 кісі өлтіруді, 1 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 31 тонау және 453 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашқан.
Сонымен қатар ол Қазақстанның ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Еуропадағы ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымы Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюроның директоры Маттео Мекаччимен кездескенін, кездесу Маттео Мекаччидің Нұр-сұлтан қаласына арнайы сапары аясында өткенін атап өтті.
«Кездесу барысында министр Мемлекет басшысының адам құқықтарын қамтамасыз ету, құқыққорғау қызметін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударатынын атап өтіп, осы саладағы халықаралық стандарттарды сақтау, жазаның орындалуын ізгілендіру және азаматтық бақылауды күшейту жөніндегі жұмыстар туралы айтты», - деді ол.