Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу ережесі өзгереді: емтиханды қайта тапсыру ақылы болмақ
Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу тәртібі өзгеруі мүмкін. Емтиханнан үш рет өте алмағандар келесі талпыныстары үшін ақы төлейді.
Астана, NEGE. ІІМ мәліметінше, алғашқы сәтсіздіктен кейін емтиханды келесі жұмыс күні қайта тапсыруға болады. Екінші рет те өте алмағандарға дайындалу үшін 10 күн беріледі.
«Үш рет теріс нәтиже алғаннан кейін теориялық немесе практикалық емтиханды қайта тапсыру ақылы болады. Бұл шара үміткерлердің емтиханға жан-жақты дайындалып келуін қамтамасыз етуге бағытталған», – деп хабарлады министрлік.
Сонымен қатар теориялық емтиханның оң нәтижесі практикалық сынақтан өте алмаған жағдайда жойылмайды.
Шетелдік жүргізуші куәлігін Қазақстанның куәлігіне айырбастау үшін теориялық емтихан тапсырып, құжаттың түпнұсқа екенін растау қажет. Ал қайта жабдықталған көлікті бөлек тексерту талап етілмейді – қауіпсіздікті растайтын құжат жеткілікті болады.