Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу емтиханын шексіз тапсыруға мүмкіндік берілмек

Қазақстанда жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру рәсімі оңтайландырылады. Енді қазақстандықтар жүргізуші куәлігін алуға арналған емтиханды ақылы негізде шексіз тапсыра алады.

gov.kz

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің төрағалығымен жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру рәсімін жетілдіру мәселелері бойынша кеңес өткен. Кеңесте Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, нақты шаралар қаралып, бекітілген.

Негізгі жаңашылдықтардың бірі – жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханды ақылы негізде шектеусіз тапсыру мүмкіндігі. Алайда әр емтихан аралығында кемінде 10 күнтізбелік күн өтуі тиіс.

Қазіргі уақытта емтихан тапсыру үшін үш тегін мүмкіндік беріледі. Бұл мүмкіндіктер аяқталған соң қайта оқудан өту талап етілетін. Міне, осы жағдай, биліктегілердің пікірінше, парақорлыққа жол ашқан.

Екінші шара ретінде Ұлттық тестілеу орталығының академиялық адалдықты қамтамасыз ету технологиялары сынақтан өткізіледі. Сынақ Орталықтың Астана қаласындағы филиалы базасында жүргізіледі. Кейін бұл технологияларды жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық емтихан тапсырудың бүкіл жүйесінде қолдану жоспарланып отыр.

Сондай-ақ теориялық емтихан тестілеріне кешенді психометриялық зерттеулер жүргізіледі.

«Бұл зерттеулер емтихан тестілерінің көлік құралын қауіпсіз басқаруға қажетті білімді, білік пен дағдыларды шынайы бағалау құралы ретінде жарамдылығын растауға бағытталады», – делінген хабарламада.

Үшінші және төртінші шаралар аясында емтихан өткізу процесіне жасанды интеллект технологиялары енгізіледі.

«Атап айтқанда, теориялық емтихан қабылдау кезінде толықтырылған шынайылық (AR), ал практикалық емтиханды бақылауда компьютерлік көру (Computer Vision) технологиясы қолданылады. Бұл тыйым салынған техникалық құралдарды пайдалану тәуекелін азайтып, бұзушылықтарды нақты тіркеуге мүмкіндік береді», – дейді ведомство өкілдері.

Бесінші шара ретінде жүргізуші куәлігін алуға қатысты цифрлық шешімдердің ақпараттық қауіпсіздігін барынша күшейту көзделеді. Оны ақпараттандырудың аса маңызды объектілері тізбесіне енгізу жоспарланған. Бұл құқық бұзушылықтар мен рұқсатсыз араласу үшін жауапкершілікті, тіпті қылмыстық жауапкершілікке дейін, күшейтуге мүмкіндік береді.

Келесі шара – әкімшілік жауапкершілікке қатысты нормаларды енгізу.

«Бұл жауапкершілік қызмет алушыларға да, жүргізуші куәлігін заңсыз алуға жәрдем көрсететін тұлғаларға да қолданылады. Шаралар емтихан тапсыру процесінде бұзушылықтар анықталған жағдайда қабылданады. Олардың қатарына тыйым салынған құрылғыларды, микроқұлаққаптарды, микрокамераларды, сондай-ақ байланыс сигналдарын қабылдайтын және тарататын құралдарды пайдалану жатады», – делінген үкімет хабарламасында.

Бұдан бөлек теориялық емтихан тапсыру құқығынан 1 жылға айыру шарасы енгізіледі.

Сондай-ақ автомектептердің қызметіне қойылатын талаптар күшейтілмек. Олардың жұмысын бағалау кезінде жүргізушілерді даярлау сапасы мен азаматтардың кері байланысы ескеріледі. Бұған қоса автомектептердің қызметін лицензиялау жоспарланған.

Жүргізушілерді даярлау сапасы төмен болған жағдайда лицензия кері қайтарылып алынады.

Үкіметтегілердің айтуынша, бұл шаралар жүргізуші куәлігін алу рәсіміндегі артық шектеулерді жоюға, оның ашықтығы мен азаматтар үшін қолайлылығын арттыруға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.

Қазір оқып жатыр

«Жаңбыр жауса, жылаймыз»: Таразда екі жүздей тұрғын шатыры шұрық тесік үйде тұруға мәжбүр

Кәрім Мәсімовтің экс-күйеу баласынан «Достық» станциясындағы терминал тәркіленді

15 сәуірден бастап мобильді аударымдарды тексеру басталады. Нені ескеру керек?

Уағызшы Дарын Мубаров жауапқа тартылды