Қазақстанда жылу электр орталықтарын Ресейдің орнына Сингапур салатын болды
Қазақстанда үш жаңа жылу электр орталығын салуға сингапурлық инвестор тартылмақ.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлімдеді.
«Бұл қазақстандық және шартты түрде сингапурлық компаниялардың консорциумы болады. Компания тіркелгент Технологиялардың бәрі заманауи – қытайлық, экологиялық талаптардың барлығына сай келеді», – деді энергетика вице-министрі.
Үкімет отырысында «Самұрық-Энерго» басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов Семей мен Өскемендегі екі ЖЭО құрылысына арналған келісімшарттар биылғы 30 қаңтарда жасалғанын, ал станцияларды іске қосу 2029 жылдың соңына жоспарланғанын айтты.
«Екі жоба бойынша мынадай іс-шаралар жоспарланған – 2026 жылдың мамыр айында мердігер негізгі жабдықтарды өндіру үшін зауыттарда тапсырыс беруді бастайды. Осы айда инженерлік-геологиялық және топографиялық зерттеулер жүргізіліп, сондай-ақ алаң мен инфрақұрылымды дайындау жұмыстары басталады. Негізгі жабдықтарды жеткізу 2027 жылдың үшінші тоқсанынан басталады», – деді Мақсұтов.
Сонымен қатар ол Көкшетаудағы ЖЭО жобасына жеке тоқталды, мұнда қуаттылығы сағатына 820 Гкал болатын жаңа ЖЭО-ның құрылысы жүріп жатыр. Нысанда коммуникациялар тартылған, қазір инфрақұрылым дайындалып жатқаны және бетон торабының құрылысы жүріп жатқаны мәлім болды. Мақсұтовтың айтуынша, станса 2029 жылдың I тоқсанында іске қосылмақ.