Қазақстанда жеті микроқаржы ұйымына несие беруге тыйым салынды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жеті микроқаржы ұйымының лицензиясын қайтарып алды.

Depositphotos.com / freedomtumz

Астана, NEGE. Тексеру барысында олардың заң талаптарын бірнеше рет бұзып, клиенттердің құқығына нұқсан келтіргені анықталған.

23 қазандағы шешім бойынша мына ұйымдар лицензиясынан айырылды:

  • MaxMoney;
  • Microfinance Systems;
  • SurfKaz Finance;
  • MFO№1;
  • Үміт Финанс;
  • Вивус;
  • EL QAZYNA.

Енді бұл ұйымдар шағын несие бере алмайды. Сондай-ақ заңда қарастырылған жекелеген жағдайларды қоспағанда, бұрын жасалған несие шарттарының талаптарын өзгертуге құқығы жоқ.

Лицензиясынан айырылған компаниялар 30 күн ішінде атауынан «микроқаржы ұйымы» деген сөздерді алып тастап, қайта тіркелуі немесе қызметін тоқтату не қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылдауы тиіс.

Алайда бұл аталған ұйымдардан несие алған қазақстандықтардың қарызы кешіріледі деген сөз емес. Қарыз алушылар бұрын жасалған шарттарға сәйкес төлемдерін жалғастыруға міндетті.

Агенттік микроқаржы ұйымдарының жұмысын тексеруді жалғастыратынын мәлімдеді.