Қазақстанда жас кәсіпкерлер саны азайып кеткен
Қазақстанда 35 жасқа дейінгі жеке кәсіпкерлердің саны бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 9,3%-ға азайған. Наурыз айының соңындағы мәліметке сәйкес, бұл санатта 667,5 мың жас кәсіпкер тіркелген. Ал жұмыс істеп тұрған жас кәсіпкерлердің саны 698,9 мыңнан 638,5 мыңға дейін, яғни 8,6%-ға қысқарған.
Астана, NEGE. Finprom талдаушылары мұндай өзгерісті 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі аясында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы салық режимінің енгізілуімен байланыстырады.
«Соның нәтижесінде кәсіпкерлердің бір бөлігі жеке кәсіпкерлік мәртебесінен жаңа режимге ауысқан. Сондықтан жеке кәсіпкерлік санының азаюы олардың кәсіпкерлік қызметін тоқтатқанын білдірмейді. Олардың бір бөлігі қызметін басқа мәртебеде жалғастырып жатыр», – деп түсіндіреді сарапшылар.
Бұл ретте сарапшылар жас кәсіпкерлердің үлесі жаңа салық режимі енгізілгенге дейін де біртіндеп азайып келгенін атап өтеді. Мәселен, 2023 жылғы наурызда 35 жасқа дейінгі кәсіпкерлер барлық жұмыс істеп тұрған ЖК-ның 45,6%-ына, 2024 жылы – 41,7%-ына, ал 2026 жылы 37,8%-ына тең болған. Осылайша, үш жыл ішінде бұл көрсеткіш 45,6%-дан 37,8%-ға дейін төмендеген.
2026 жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша 35 жасқа дейінгі жеке кәсіпкерлер саны Қазақстанның барлық өңірінде қысқарған. Соның ішінде ең көп қысқару Ұлытау облысында – 17,7%; Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында – 17,5%-дан; Батыс Қазақстан облысында – 16,6%; Абай облысында – 16,3% болған.
Ал ең аз төмендеу екі мегаполисте тіркелді. Астанада жас кәсіпкерлер саны 0,9%-ға азайып, 88,7 мыңға, ал Алматыда 1,9%-ға төмендеп, 118,8 мыңға жетті.
Дегенмен Алматы 35 жасқа дейінгі жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерлер саны бойынша көшбасшылық орнын сақтап қалды. Одан кейінгі орындарда Астана, Түркістан облысы, Шымкент, Алматы облысының жас кәсіпкерлері тұр.
Жалпы, Қазақстандағы жұмыс істеп тұрған барлық жеке кәсіпкерлік субъектісінің саны бір жыл ішінде 2,6%-ға қысқарып, 1,7 млн-ға жеткен.