Қазақстанда жанармайды заңсыз әкетудің 600-ге жуық дерегі анықталды

Жыл басынан бері Қазақстанда көліктерге қосымша жанармай бактарын заңсыз орнатудың 595 дерегі тіркелді. Заңсыз орнатылған бактардың жалпы сыйымдылығы 159,5 тонна болған.

freepik.com

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Ішкі істер министрлігі хабарлады. Ведомство мәліметінше, жанармайды ел аумағынан заңсыз шығарудың алдын алу үшін мемлекеттік шекарадағы 48 автокөлік өткізу пунктінің маңында тәулік бойы жұмыс істейтін полиция бекеттері қойылған.

Құқықбұзушылықтардың басым бөлігі Жамбыл облысында тіркелген. Мұнда 386 дерек анықталған. Түркістан облысында – 119, Қостанай облысында 80 жағдай тіркелді.

Заңсыз қосымша бак орнатқан жүргізушілер Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 590-бабы 7-бөлігі бойынша жауапқа тартылып, айыппұл салынды. Көліктерден заңсыз орнатылған бактар алынып тасталды.