Қазақстанда жаңа шетелдік банк ашылады

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Abu Dhabi Commercial Bank PJSC-ке Қазақстан Республикасында еншілес банк құруға рұқсат берді.

ADCB

Астана, NEGE. Агенттік мәліметінше, ADCB – Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ең ірі банктердің бірі.

Банктің негізгі акционері – толығымен Абу-Даби Үкіметіне тиесілі Mubadala Investment Company PJSC инвестициялық компаниясы. Ведомство өкілдерінің түсіндіруінше, бұл институционалдық қолдау мен сенімділіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді.

«Банк жоғары халықаралық кредиттік рейтингтерге ие. 2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша ADCB жиынтық активтері 210 млрд АҚШ долларынан астам, меншікті капиталы – 24 млрд АҚШ долларынан астам, жыл қорытындысы бойынша таза пайда – 3 млрд АҚШ долларынан астам. Қаржылық көрсеткіштер банктің жоғары қаржылық тұрақтылығын және еншілес банкке ұзақ мерзімді қолдау көрсету қабілетін көрсетеді», – делінген агенттік хабарламасында.

ADCB еншілес банктің жалғыз акционері болады. Бас банк Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жарғылық капиталды қалыптастыруды, стратегиялық басқаруды және қаржылық және операциялық қолдауды қамтамасыз етеді.

«Жаңа банк банктік қызметтердің толық ауқымын ұсынуды, сондай-ақ "ислам терезесі" тетігі арқылы исламдық қаржыландыруды дамытуды жоспарлап отыр, бұл өнім желісін кеңейтеді және нарықта баламалы қаржы құралдарының қолжетімділігін арттырады», – дейді ведомство өкілдері.

Әмбебап банк лицензиясы ішкі инфрақұрылым құрылғаннан кейін және банк қызметін іске қосу бойынша барлық дайындық жұмыстары жүргізілгеннен кейін беріледі. Әзірге Агенттік ADCB-ға «Abu Dhabi Commercial Bank (Kazakhstan)» акционерлік қоғамының еншілес банкін ашуға және еншілес ұйым құруға рұқсат берді.

Жаңа банктің ашылуы Қазақстан Республикасының банк секторындағы бәсекелестікті дамытуға, бизнес пен халық үшін қаржылық қызметтер аясын кеңейтуге және халықаралық банк капиталын тартуға ықпал ететін болады.

Қазір оқып жатыр

Шілдеден бастап Қазақстанда несие алу қиындай түседі

Жүк көліктерін заңсыз тіркеген: Алматыда «ЦОН» қызметкерлері сотталды

Өлімге әкелген көлік жарысы: Алматыда полицейлер тексеріліп жатыр

Президент қысқы Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитовты марапаттады