Қазақстанда жәбірленушілерге төленетін өтемақы екі есе артуы мүмкін

Ішкі істер министрлігі Жәбірленушілерге өтемақы қоры есебінен төленетін қаражат көлемін екі есеге арттыру туралы ұсынысты қолдады.

polisia.kz

Астана, NEGE. Бұл жөнінде ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің Құрылтай депутаттары сауалына берген жауабында айтылған.

Министрліктің мәліметінше, қазір жәбірленушілерге өтемақы олардың санатына қарай 30, 40 және 50 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде төленеді. Алайда бұл мөлшер Қор туралы заң қолданысқа енгізілгеннен бері қайта қаралмаған. Осы уақыт ішінде дәрі-дәрмек, медициналық қызмет, емдеу, оңалту және жерлеу қызметтерінің құны өскен.

Осыған байланысты ІІМ өтемақы көлемін екі есеге арттыруды орынды деп санайды. Атап айтқанда, 30 АЕК-ті 60 АЕК-ке, 40 АЕК-ті 80 АЕК-ке, ал 50 АЕК-ті 100 АЕК-ке дейін ұлғайту ұсынылып отыр.

«Аталған ұлғайту жәбірленушілерге көрсетілетін материалдық қолдауды күшейтуге және қылмыстық құқық бұзушылықтар салдарынан туындайтын нақты шығындарды барынша ескеруге мүмкіндік береді», – дейді министр.

Сонымен қатар ведомство өтемақы төлеу кезінде кездесетін мәселелерге де тоқталды. Министрліктің мәліметінше, төлемдердің кешігуіне қажетті мәліметтердің уақытында немесе толық ұсынылмауы, банк деректемелеріндегі қателер, сондай-ақ жәбірленушілердің жеке деректеріне қатысты сәйкессіздіктер себеп болады.

Мұндай жағдайлар төлемдердің кері қайтарылуына және ақпаратты қайта тексеруге әкеліп, қаражат аудару мерзімін ұзартады.

Осы мәселені шешу үшін ІІМ өтемақы тағайындау және төлеу рәсімдерін цифрландыруды ұсынып отыр. Атап айтқанда, өтемақы алушылардың тізілімін автоматты түрде қалыптастыру, Бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізілімінің деректерін пайдалану және жәбірленушілерге өтемақы алуға құқығы бар екені туралы SMS-хабарлама жіберу көзделген.

Министрліктің пікірінше, бұл шаралар мәліметтерді өңдеу уақытын қысқартып, қателер мен қайталама өтініштер санын азайтады әрі төлем рәсімінің ашықтығын арттырады. Ал Қорға төленген қаражатты кінәлі адамдардан өндіріп алу мәселесі , министрдің нақтылауынша, Бас прокуратураның құзыретіне жатады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекет есебінен төленген өтемақыны қайтару жөніндегі регрестік талаптарды прокуратура органдары қояды.

Айта кетейік, таяуда Құрылтайда депутат Снежанна Имашева Қор қаражатының игерілуіне назар аударған болатын. Депутаттың мәліметінше, 2018 жылғы шілдеден 2026 жылғы шілдеге дейін қорға 9,3 миллиард теңгеден астам қаражат түскен. Алайда жәбірленушілерге оның небәрі 855 миллион теңгесі төленген. Ал шамамен 8,5 миллиард теңге пайдаланылмай қалған.