Қазақстанда зейнетақы жүйесі қалай өзгермек?

Қазақстанда зейнетақы жүйесіне кезекті өзгеріс енгізілмек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы айдың соңына дейін зейнетақы жүйесін реформалау бойынша нақты ұсыныстарын жариялауға тиіс. Қазір арнайы жұмыс тобы үш түрлі модельді талқылап жатыр. Оның ішінде министрлік қолдап отырған негізгі нұсқа – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) ұсынған «4+1» моделі. Бұл өзгеріс жұмыс берушілер мен қызметкерлерге қалай әсер етеді? Мәселені саралап көрдік.

gov.kz

Қазіргі жүйе қалай жұмыс істейді?

Бүгінде Қазақстанның зейнетақы жүйесі көпдеңгейлі модельге негізделген. Оның негізгі бөлігі – қызметкердің ай сайынғы табысынан ұсталып, жеке зейнетақы шотына аударылатын 10 пайыздық міндетті зейнетақы жарнасы (МЗЖ).

Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы (ЖМЗЖ) – жүйедегі жаңа элементтердің бірі. 2024 жылдан бастап кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Былтыр жұмыс берушілер қызметкері үшін 1,5% жарна аударса, биыл бұл көрсеткіш 3,5%-ға дейін өсті. Қолданыстағы жоспар бойынша 2028 жылға қарай ЖМЗЖ көлемі 5%-ға жетеді. 

«4+1» моделі нені өзгертеді?

Қазір Еңбек министрлігі БЖЗҚ, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) және Сенат ұсынған үш түрлі реформа нұсқасын қарастырып жатыр. Соның ішінде министр Асқарбек Ертаев БЖЗҚ әзірлеген «4+1» моделін  қолдап отыр.

Асқарбек Ертаев, gov.kz

Бұл модель бойынша жұмыс беруші аударатын 5%-дық жарнаның 4%-ы қызметкердің жеке зейнетақы шотына түседі. Қалған 1%-ы ортақ жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталады. Яғни азаматтың жеке жинағына жалпы 14% түседі: оның 10%-ын қызметкердің өзі аударса, тағы 4%-ын жұмыс беруші төлейді. Нәтижесінде қазақстандықтардың жеке зейнетақы жинағы қазіргі жүйеге қарағанда жылдамырақ қалыптасады.

Қаржы сарапшысы Айбар Олжайдың айтуынша, ЖМЗЖ-ның негізгі мақсаты – азаматтардың болашақ зейнетақы жинағын ұлғайту. Сонымен қатар бұл жүйе қызметкерге салық жүктемесін арттырмайды. Алайда негізгі салмақ жұмыс берушіге түседі.

«Бұл жерде бизнеске, шынымен де, үлкен жүктеме түсіп отыр. Мәселен, қызметкерге 100 мың теңге жалақы төлеу үшін жұмыс беруші барлық салықтар мен міндетті төлемдерді қоса есептегенде тағы шамамен 40 мың теңге жұмсайды. Бұл – кәсіпкерлік үшін оңай жағдай емес. Сондықтан бұл мәселе міндетті түрде оңтайлы шешімін табуы керек», – дейді сарапшы.

Айбар Олжайдың пікірінше, мәселенің шешімі зейнетақы жарнасын қысқартуда емес. Өйткені бұл қаражат – болашақ зейнеткердің өз жинағы. Оның орнына салықтық жеңілдіктер тетігін қарастырған дұрыс.

«Компаниялар онсыз да корпоративті табыс салығын төлейді. Сондықтан жеке табыс салығын азайту немесе салықтық шегерімдерді көбейту мәселесін қарастыруға болады. Себебі – іс жүзінде қызметкердің жеке табыс салығын да жұмыс беруші төлейді. Осылайша жалақыны лайықты деңгейде сақтау үшін бизнеске қосымша шығын түсіп отыр», – дейді Айбар Олжай. 

Айбар Олжай, AIQYN

Жаңа жарна бизнесті көлеңкеге итермелей ме?

Жарналар мен салықтардың көбеюі кәсіпкерлерді «конвертпен жалақы төлеуге» мәжбүрлейді деген пікір де жиі айтылады. Алайда Айбар Олжай мұндай қауіптің айтарлықтай негізі жоқ деп есептейді.

«Қазір кәсіпкерлердің өзіне де "конвертпен" жалақы төлеу тиімсіз. Ол үшін компания қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыруы керек. Ал қазіргі жағдайда бизнестің табысын қолма-қол ақшаға шығару оңай емес. Себебі бизнесте қолма-қол ақша шығару үшін лимит бар – салық органы мен Қаржы мониторингі агенттігінен сұрақтар туындауы мүмкін. Дәл осыны ескере отырып, кәсіпкерлер «конвертпен төлеу» жүйесіне көшіп кетеді деп ойламаймын», – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, бұл мәселе бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. Қазір мемлекет халықтың табысын арттыруға бағытталған кешенді бағдарлама әзірлеп жатыр. Алдағы уақытта сарапшылар кеңесі ұсыныстарды талқылап, нақты шешімдер әзірлейді.

Неліктен «4+1» оңтайлы компромисс?

Айбар Олжайдың пікірінше, қазіргі жағдайда «4+1» моделі – ең тиімді әрі теңгерімді шешім.

«Қазір бұдан тиімді балама көріп тұрған жоқпын. Біз әлі зейнетақы жүйесінің толық циклінен өткен жоқпыз. Жүйе толық қалыптасып үлгермей жатып оны түбегейлі өзгерте беру дұрыс емес. Тек 2040 жылдарға қарай қазіргі модельдің толық нәтижесін көргеннен кейін ғана ірі реформалар туралы айтуға болады», – дейді Айбар Олжай.

Тағы қандай ұсыныстар бар?

БЖЗҚ ұсынған «4+1» моделі – қарастырылып жатқан жалғыз нұсқа емес. Зейнетақы жүйесін реформалауға қатысты тағы екі балама ұсыныс бар. Оның бірін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ), екіншісін Сенат депутаты Амангелді Нұғманов ұсынған.

МӘСҚ әзірлеген модель бойынша әлеуметтік зейнетақы мөлшері азаматтың медианалық жалақысына, орташа айлық табысына және еңбек өтіліне қарай есептеледі. Бұл тәсіл жинақтаушы жүйеге тән тәуекелдерді азайтып, зейнетақы төлемдерінің тұрақтылығы мен болжамдылығын арттыруды көздейді.

Сенатор Амангелді Нұғманов зейнетақы жүйесінде адамның жасынан бұрын еңбек өтілін ескеруді ұсынды. Оның айтуынша, 40 жыл еңбек өтілі бар азаматтарға, әсіресе бюджет саласының қызметкерлеріне, зейнетке шығу уақытын икемді түрде таңдауға мүмкіндік беру керек. Сенатор ұзақ жыл жұмыс істеген адамдар еңбек жолын өз қалауымен аяқтай алуы қажет деп санайды.

Алайда әзірге бұл бастамалардың ешқайсысы түпкілікті шешім ретінде қабылданған жоқ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, барлық ұсыныс қазір қоғамдық талқылау кезеңінде және консультативтік сипатқа ие.

Министр Асқарбек Ертаев азаматтық қоғамның мұндай талқылауларға белсенді қатысуы әлеуметтік тұрғыдан теңгерімді шешім қабылдаудың маңызды шарты екенін атап өтті. Ал зейнетақы жүйесін реформалауға қатысты түпкілікті шешімдер қаржылық тұрақтылық, әлеуметтік тиімділік және азаматтар үшін ықтимал салдары жан-жақты бағаланғаннан кейін ғана қабылданады. 

Демек, әзірге қазақстандықтардың зейнетақы жүйесіне қатысты соңғы шешім қабылданған жоқ. Алдағы апталарда жұмыс тобы барлық ұсынысты саралап, Үкіметке өз қорытындысын ұсынады. Қай модель таңдалатыны миллиондаған қазақстандықтың болашақ зейнетақысының қалай қалыптасатынына тікелей әсер етпек.