Қазақстанда зейнетақы тағайындау жеңілдеді
Қазақстанда ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдері автоматты түрде тағайындалады.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы хабарлады.
«2026 жылғы наурыздан бастап БЖЗҚ-да ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен төлемдерді өтінішсіз (проактивті) тәртіппен іске асыру енгізілді. Бұл нені білдіреді? Егер ЕЗЖ есебінен жинақтарыңыз болса, зейнеткерлік жасқа жеткен кезде төлемдер БЖЗҚ-ға жеке өтініш бермей-ақ автоматты түрде тағайындалады», – делінген хабарламада.
Бұл, БЖЗҚ өкілдерінің нақтылауынша, мынадай жағдайларда іске асады:
- мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақыны рәсімдеу кезінде;
- міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен төлемдерді рәсімдеу кезінде
Төлем тәртібі:
• егер жинақ сомасы ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаса, біржолғы төлем ретінде төленеді (2026 жылы – 828 588 теңге)
• ал егер одан көп болса, міндетті жарналар есебінен жасалатын төлемдермен бірге таусылғанға дейін ай сайын төленеді.
БЖЗҚ мәліметінше, проактивті тәртіп зейнеткерлік жасқа жеткен, бірақ бұған дейін ЕЗЖ есебінен төлемдерге жүгінбеген тұлғаларға қолданылады, соның ішінде 50 жасқа толған немесе мүгедектігі бар тұлғалар. Бұл ретте 50 жасқа толған немесе мүгедектігі бар азаматтар ЕЗЖ есебінен төлемдерді өз бетінше рәсімдей алады.
Толық ақпаратты enpf.kz сайтынан алуға болады.