Қазақстанда зейнетақы аннуитеттерінің жаңа түрлері ұсынылмақ
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстанда жинақтаушы сақтандыру өнімдерінің желісін кеңейтуді көздейтін құжат әзірледі. Бұл бастама «Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы» жобасында қарастырылған.
Астана, NEGE. Болашақта қазақстандықтарға зейнетақы шешімдерінің көп түрін – кепілдендірілген төлемдері бар стандартты өнімдерден бастап инвестициялық құрамы бар өнімдерге дейін ұсыну жоспарлануда.
Зейнетақы аннуитеті – сақтандыру ұйымы азаматтың ұзақ өмір сүру тәуекелін өз мойнына ала отырып, жинақталған қаражат есебінен оны белгіленген мерзімде немесе өмір бойы тұрақты зейнетақы табысымен қамтамасыз ететін сақтандыру шарты. Бүгінгі таңда азаматтарға өмір бойы сақтандыру төлемдерін алуды қамтамасыз ететін шұғыл, кейінге қалдырылған және бірлескен (ерлі-зайыптылық) зейнетақы аннуитеттері қолжетімді. Сондай-ақ кепілдендірілген зейнетақы аннуитеті негізгі өнім болып қала береді.
Бұл ретте Агенттік өкілдері инвестициялық-байланысты аннуитет пен гибридті аннуитет енгізуді ұсынып отыр.
«Инвестициялық-байланысты аннуитет (unit-linked) зейнетақы қорғанысын инвестициялық табыс алу мүмкіндігімен ұштастыруға мүмкіндік береді. Нәтиже таңдалған инвестициялық портфельдің немесе нарықтық индекстің кірісіне байланысты болады. Болашақта бұл жинақтар өмір бойы төленетін кепілдендірілген зейнетақы аннуитетіне аударылуы мүмкін», – делінген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің түсіндірмесінде.
Ал гибридті аннуитетте қаражат бірден екі бөлікке бөлінеді: біреуі өмір бойы кепілдендірілген төлемдерді қамтамасыз етеді, ал екіншісі қосымша табыс алу үшін инвестицияланады. Осылайша, азамат бір мезгілде кепілдендірілген зейнетақы алып қана қоймай, инвестициялық табысқа да ие бола алады.
Аннуитет түрін таңдауды жеңілдету үшін зейнетақыны жоспарлаудың бірыңғай цифрлық сервисін құру жоспарланған. Оның көмегімен қазақстандықтар зейнетақы өнімдерін салыстырып, өзіне қолайлы нұсқаны таңдайды және дербес зейнетақы жоспарын құра алады.