4 февраля 2026 г. 9:49

Қазақстанда запастағы офицерлер әскери қызметке шақыртылады

Фото: Қорғаныс министрлігі

 Биыл еліміз бойынша 850-ден астам запастағы офицерді әскери қызметке шақыру жоспарланған.

Астана, NEGE. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заң аясында іске асырылатын бұл шара Қарулы күштердің жауынгерлік дайындығын арттыруға және әскери дайындалған резервті қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігі.

Үкімет қаулысына сәйкес, 700 запастағы офицер Қарулы күштерге, 80 офицер Шекара қызметіне, 64 офицер Ұлттық ұланға және 15 офицер Төтенше жағдайлар министрлігіне жіберіледі.

Ведомство мәліметінше, қызметке шақыру авиациялық, инженерлік, артиллериялық, радио-техникалық, әскери тасымалдау, медициналық, тылдық, ақпараттық және барлау бағыттары секілді ең қажетті әскери есептік мамандықтар бойынша жүргізіледі.

«Денсаулығы жарамды, қажетті әскери есептік мамандығы бар 29 жасқа дейінгі запастағы офицерлер шақырылуға жатады, ал медициналық мамандықтар бойынша бұл шек 32 жасқа дейін белгіленген.

Шақырылған офицерлердің әлеуметтік қамтамасыз етілуі келісімшарт бойынша әскери қызметшілер деңгейінде іске асырылады. Қызмет атқару кезінде олар ақшалай үлеспен, тұрғын үй немесе тұрғын үй төлемдерімен, тамақпен және медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі», – делінген министрлік хабарламасында.

Офицерлер әдетте қызметті әскери есепке тұрған немесе тұрғылықты жері бойынша өтейді. Ресми хабарламада әскери қызметке қызығушылық танытқан және тұрақты жұмысы жоқ үміткерлерге басымдық берілетіні атап өтілген.

«Хабарлама алған запастағы офицер дер кезінде жергілікті әскери басқару органына жеке куәлігі мен әскери билетін (бар болса) алып келуі тиіс. Шақыртуды кейінге қалдыру отбасы жағдайлары, білім алу немесе денсаулық жағдайына байланысты шақырылу комиссиясының шешімімен берілуі мүмкін», – дейді Қорғаныс министрлігі өкілдері.

Запастағы офицерлерді шақыру жоспарлы түрде және қолданыстағы заңнама шеңберінде іске асырылады.