Қазақстанда келер жылы ветеринарлардың жалақысы кемінде 420 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін
Қазақстанда ветеринар мамандардың орташа жалақысын қазіргі 220 мың теңгеден кемінде 420 мың теңгеге дейін екі есе көтеру ұсынылды. Бұл туралы 4 қарашада өткен Құрылтай отырысында айтылды.
Астана, NEGE. Құрылтайда ветеринария мәселелері бойынша заң жобасына енгізілетін өзгерістерді таныстырған депутат Серік Егізбаев саладағы кадр тапшылығының негізгі себептерінің бірі ветеринар мамандығының тартымдылығы төмен болуы екенін айтып өтті. Оның сөзінше, бұл жағдай жұмыс істеп жүрген ветеринарларға түсетін жүктемені арттырып, ветеринариялық іс-шаралардың уақытылы жүргізілуіне кедергі келтіріп отыр.
Осы мәселені шешу үшін заң жобасында ветеринар мамандарды әлеуметтік қолдаудың бірқатар шарасы қарастырылған. Атап айтқанда:
жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына шығу және кемінде екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысын алу;
ғылыми дәрежесі бар мамандарға қосымша ақы төлеу. Ғылым кандидатына – 17 АЕК, ғылым докторына 34 АЕК мөлшерінде үстемеақы беріледі;
арнайы киіммен қамтамасыз ету.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы заң жобасын іске асыруға қажетті барлық бюджеттік шығын Республикалық бюджеттік комиссияның оң қорытындысын алғанын атап өтті.
«Ветеринар мамандардың айлығын көтеру, өтемақымен қамтамасыз ету, қосымша арнайы киіммен қамту шараларының барлығы бюджеттік комиссиядан өтті. Заңнама толық күшіне енгеннен кейін қаржыландыру жұмыстарын ұйымдастырамыз деп жоспарлап отырмыз. Жалпы, келер жылдан бастап іске асырылады деп жоспарлануда», – деді вице-министр.
Заң жобасында ветеринар мамандардың кәсіби мүддесін қорғау, біліктілігін арттыру және қызметін үйлестіру үшін ветеринариялық палата құру да көзделген.
Бұдан бөлек, ветеринариялық-санитариялық бақылауды күшейту ұсынылып отыр. Атап айтқанда, жануарлар мен олардан алынатын өнімдер сатылатын сауда орындарында мемлекеттік бақылау мен қадағалауды тұрақты жүргізу жоспарланған.
Сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға жануарларды сату, сою, сәйкестендіру бұйымдарының жоғалуы немесе бүлінуі туралы тиісті органдарға хабарлау міндеті жүктеледі.
Тағы бір жаңашылдық – ветеринариялық препараттардың айналымын бақылайтын фармацевтикалық инспекция құру. Бұл препараттардың сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға, оларды өндіруге қойылатын талаптарды біріздендіруге және өндірушілердің жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.
Сонымен қатар ветеринария саласында цифрлық жүйені енгізу ұсынылып отыр. Ол жануарлар мен олардан алынатын өнімдердің қозғалысын бақылауға, ветеринариялық іс-шараларды есепке алуға және бақылау жұмыстарын автоматтандыруға мүмкіндік береді.
Жалпы заң жобасында көзделген шараларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік бюджеттен жыл сайын шамамен 27 млрд теңге бөлу жоспарланған.
Құрылтай депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.