Қазақстанда вакцинадан бас тартатындар көбейген
Қазақстанда вакцинадан бас тарту жағдайлары күрт өсті. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.
Астана, NEGE. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Сархат Бейсенованың айтуынша, бұл тенденция 2017 жылдан бері сақталып келеді.
Ал биыл вакцинадан бас тартқандар саны шамамен 20 мың адамға жеткен.
«Вакцинадан бас тарту мәселесі әлем бойынша да, Қазақстанда да өзекті болып отыр. Егер 2017 жылмен салыстырсақ, биыл вакцинадан бас тартқандар саны 3,8 есе өсті. 2017 жылы бізде бас тартқандар саны шамамен 5,3 мың болса, биыл вакцинадан бас тартқандар саны шамамен 20 мың адамға жетті. Бұл көрсеткіштен вакцинадан бас тартушылар санының өскенін көріп отырмыз», –деді комитет төрайымы.
Бейсенованың сөзінше, бұл статистика вакцинаның барлық түрін қамтиды. Ал, гриппке қарсы вакцинадан бас тарту жағдайлары қаупі бар топтар арасында тіркелмеген.
Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі екпе алудың маңызын түсіндіру және халықты ақпараттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.