14 мая 2025 г. 15:46

Қазақстанда ұлттық жасанды интеллект платформасы пайда болады

Фото: pixabay.com

Мәжіліс жалпы отырыста «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатқа Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде жасанды интеллект технологиясын дамыту үшін депутаттар бастамашы болды.

Алматы, NEGE. Заң жобалары азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оны экономиканың түрлі саласында жүзеге асырудағы мемлекеттің рөлін анықтауға, әзірлеушілер мен инвесторлар үшін нақты және ашық «ойын ережелерін» құру арқылы ЖИ-ді пайдалануды құқықтық реттеуге бағытталған.

Негізгі заң жобасы Қазақстанда қауіпсіз және тұрақты ЖИ экожүйесін құру жолындағы алғашқы және маңызды қадам болмақ.

Заң жобасының маңызды бөлігі – ұлттық жасанды интеллект платформасы. Бұл – жасанды интеллект өнімдерін әзірлеу мен қолдануға арналған бірыңғай инфрақұрылым. Платформа арқылы жасанды интеллект модельдерін оқыту үшін деректер кітапханалары әзірлеушілерге қол жетімді болады.

Жасанды интеллект саласын дамытуға, оның ішінде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға, білім беру бағдарламаларын құруға, халықаралық ынтымақтастықты қаржыландыруға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Бұл Қазақстанның әлемдік жоғары технологиялық нарықта бәсекеге қабілетті қатысушы болуына көмектеседі.

Заң жобасы жасанды интеллект саласындағы қоғамдық қатынасты реттеу қағидаттарын белгілеп, оған барлық қатысушының құқықтары мен міндеттерін нақты айқындайды. Осылайша, ЖИ жүйелерінің иелері өз жүйелерін пайдалану шарттарын белгілеп, құқықтарын қорғай алады және тәуекелдерді басқара алады. Ал пайдаланушылар жеке деректерін қорғауға, ЖИ жүйелерінің жұмысы туралы хабардар болуға және автоматтандырылған шешімдерге қарсылық білдіруге құқылы болады.