Қазақстанда туу туралы куәлікке баланың суреті енгізілуі мүмкін

Қазақстанда балалардың жеке басын туған сәтінен бастап фотосурет арқылы растау тетігі әзірленіп жатыр. Оқу-ағарту министрлігі ата-анасының келісімімен қажет болған жағдайда баланың фотосуреті бар деректерді ұсынуды қарастырмақ.

freepik.com

Астана, NEGE. Құрылтайдағы Үкімет сағатында депутат Екатерина Смышляева балаларды туғаннан бастап сәйкестендіру мәселесін көтерді. Оның айтуынша, туу туралы куәлікте баланың жеке басын нақты анықтауға мүмкіндік беретін мәліметтер жеткіліксіз.

Депутаттың сөзінше, біреудің құжатын басқа балаға пайдалану немесе балаларды ауыстырып алу сияқты жағдайлардың алдын алу үшін қосымша сәйкестендіру тетігі қажет. Бұл мәселе «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында да қарастырылған.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, ведомство Әділет және Ішкі істер министрліктерімен бірлесіп, баланың жеке басын фотосурет арқылы растау мүмкіндігін зерделеп жатыр.

«Ата-анасының келісімімен баланың фотосуреті бар сәйкестендіру деректерін ұсыну мүмкіндігін қарастырып отырмыз», – деді министр.

Сонымен қатар министр бала 16 жасқа толғанға дейін ата-анасынсыз сапарға шықса, қиын жағдайға тап болса немесе мемлекет тарапынан шұғыл көмек қажет болса, ата-ана баласының жеке басын фотосурет арқылы растай алатынын айтты. 

Министрдің сөзінше, бұл мәселені шешу үшін балалардың биометриялық деректерін жинауға қойылатын заң талаптары мен жеке мәліметтерді қорғау тетіктерін ескеру керек.

Ал әділет вице-министрі Айдар Жарылғанов қазіргі туу туралы куәлікті рәсімдеу тәртібінде баланы суретке түсіру талабы жоқ екенін түсіндірді. Құжат медициналық ұйым берген туу туралы анықтама немесе сот шешімі негізінде рәсімделеді. Бұл кезде тіркеуші орган қызметкерлері баланы өздері көріп, жеке басын анықтамайды. Кей жағдайда ата-ананың құжат алу үшін мекемеге баруы да қажет емес.

Вице-министрдің айтуынша, егер заңнамаға өзгеріс енгізілсе, баланы суретке түсіруді денсаулық сақтау жүйесі арқылы ұйымдастыруға болады. Өйткені өмірінің алғашқы жылдарында балалар медициналық бақылауда болады. Дегенмен баланың сырт келбетінің жасына қарай өзгеруі сияқты техникалық жайттарды да ескеру қажет.

Әзірге туу туралы куәлікке фотосурет енгізу туралы түпкілікті шешім қабылданған жоқ.