Қазақстанда Toyota мен Lexus көліктерін несиеге беретін компанияға ескерту жасалды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Тойота Файнаншл Сервисез Казахстан» микроқаржы ұйымынан заңбұзушылықтарды жоюды талап етті. Компания кемшіліктерді 2026 жылғы 20 желтоқсанға дейін түзетуі керек.

kolesa.kz

Астана, NEGE. Ведомство 5 қарашада компанияға жазбаша нұсқама берді. Тексеру барысында микроқаржы қызметі және кредиттік бюролар туралы заңнама талаптарының бұзылғаны анықталды.

Мәселе қарыз алушылар туралы ақпаратты кредиттік бюроларға уақытылы бермеуге және олардың кредиттік тарихын дұрыс қалыптастырмауға қатысты болып отыр.

Әзірге компанияға тек жазбаша нұсқама берілді. Айыппұл салынғаны туралы ақпарат жоқ.

Айта кетейік, «Тойота Файнаншл Сервисез Казахстан» Қазақстанда 2013 жылдан бері жұмыс істейді. Компания Toyota және Lexus автокөліктерін ресми дилерлік желілер арқылы сатып алушыларға қаржылық қызмет көрсетеді.