Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі қарастырылуда – Энергетика министрлігі

Қазақстан ішкі нарықтағы мұнай өнімдеріне қажеттіліктің 90 пайыздан астамын өзі қамтамасыз еткенімен, авиациялық отын бойынша тапшылық бар. Ел жыл сайын Ресейден шамамен 300 мың тонна авиациялық отын импорттайды.

Құрылтай/видеодан кадр

Астана, NEGE. Бүгінгі Құрылтай отырысында Қазақстан мен Ресей арасындағы мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу туралы келісімнің күшін қайта жандандыруға және оған өзгерістер енгізуге қатысты заң екі оқылымда қабылданды.

Министр Ақкенженов 2026 жылы осы келісім нәтижесінде шамамен 30 млрд теңге үнемделетінін атап өтті.

Оның ішінде: бензин бойынша – 5,59 млрд теңге; дизель отыны бойынша – 15,75 млрд теңге; авиациялық отын бойынша – 8,61 млрд теңге үнемделмек.

Сонымен қатар келісімнің қайта күшіне енуі Қазақстан мен Ресейге мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізу көлемін алдын ала жоспарлауға және өзара келісуге құқықтық негіз береді.

Құрылтай отырысында депутат Станислав Щербаков Ақкенженовтен отандық өндірушілер ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қаншалықты қамтамасыз ете алатынын және мұнай өнімдерінің қандай түрлері бойынша тапшылық бар екенін сұрады.

Министрдің мәлімдеуінше, Қазақстанда үш ірі мұнай өңдеу зауыты – Атырау, Шымкент және Павлодар МӨЗ жұмыс істейді. Былтыр оларда 18,4 млн тонна мұнай өңделіп, шамамен 15,5 млн тонна дайын мұнай өнімі өндірілген. Бұл ішкі қажеттіліктің 90 пайыздан астамын жабады.

«Біз жыл сайын авиациялық отынмен қамтамасыз ету мәселесіне тап боламыз. Қазіргі уақытта Ресей Федерациясынан шамамен 300 мың тонна авиациялық отын импорттаймыз. Дәл осы келісім Ресей аумағынан авиациялық отынды кедендік бажсыз әкелуге мүмкіндік береді», – деді энергетика министрі.

Сондай-ақ Ақкенженов Қазақстанда бұдан бөлек шамамен 25 шағын мұнай өңдеу зауыты бар. Алайда олардың іс жүзінде ешқайсысы кеден одағының техникалық регламенттеріне сәйкес келетін сападағы отын өндірмейтінін айтты. Оның сөзінше, осы себепті авиациялық отынға деген ішкі сұранысты толық көлемде отандық өндіріс есебінен жабу әзірге мүмкін болмай отыр.

Мәселені шешу үшін Үкімет мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасын қабылдаған. Оның аясында қолданыстағы зауыттардың қуатын арттыру жоспарланған.

Атап айтқанда, Шымкент МӨЗ қуатын 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін ұлғайту көзделген. Оның техникалық-экономикалық негіздемесін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Павлодар МӨЗ қуаты тағы 2 млн тоннаға арттырылмақ.

Сонымен қатар Атырау МӨЗ-де дизель отынын гидротазартуға арналған қосымша желілер салу жоспарланған.

Бұдан бөлек, Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі қарастырылып жатыр. Қазір Ұлытау, Атырау және Маңғыстау облыстарындағы бірнеше алаң зерттелуде.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұл жобалар іске асқан жағдайда, 2030 жылға қарай Қазақстан ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, Орталық Азия елдеріне дайын мұнай өнімдерін экспорттауға мүмкіндік алады.