Қазақстанда тағы үш микроқаржы ұйымы лицензиясынан айырылды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі үш микроқаржы ұйымының лицензиясын қайтарып алды. Бұған қаржылық қызметтерді іске асыру кезінде тұтынушылардың құқықтарын бұзуға әкеп соққан заңнама талаптарының сақталмауы себеп болған.

magnific.com

Астана, NEGE. Агенттіктің 2026 жылғы 23 қарашадағы бұйрықтарына сәйкес, лицензиясынан айырылған ұйымдар:

  • ECKZ микроқаржы ұйымы;

  • Taj Finance микроқаржы ұйымы;

  • «М Булақ» микроқаржы ұйымы.

Үш микроқаржы ұйымының да құрылтайшылары шетел азаматтары екені мәлім болды. 

«Лицензиядан айырылған күннен бастап ұйымдардың микроқаржылық қызметті іске асыруға, оның ішінде жаңа микрокредиттер беруге құқығы жоқ. Микрокредит беру туралы қолданыстағы шарттардың талаптарын өзгертуге заңда көзделген жағдайларда ғана жол беріледі», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар лицензиясынан айырылған күннен бастап 30 күн ішінде ұйымдар атауынан «микроқаржы ұйымы» деген сөздерді алып тастап, қайта тіркеуден өтуге немесе қайта ұйымдастыру не тарату туралы шешім қабылдауға міндетті.

Ал қарыз алушылардың бұрын жасалған шарттар бойынша міндеттемелері күшінде қалады. Олар шарт талаптары мен заңнамаға сәйкес орындалуға тиіс.

Еске салсақ, бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жеті микроқаржы ұйымының лицензиясын қайтарып алғанын жазған едік.