Қазақстанда смартфон сату ережелері өзгерді: тұтынушы нені білуі керек?

Қазақстанда смартфон сату ережелері жаңартылды. Енді IMEI верификациядан өтпеген «сұр» және «қара» тізімдегі құрылғылар ресми түрде сапасыз тауар деп танылады.

NEGE/ЖИ иллюстрациясы

Астана, NEGE. Аталмыш талаптар 20 тамызда заңды күшіне енеді. Телекоммуникациялар нарығы мен деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері жөніндегі № 320-VIII Заңы аясында енгізілген бұл өзгерістер тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және заңсыз әкелінген немесе шығу тегі расталмаған телефондардың сатылымына тосқауыл қоюға бағытталған. Жаңа талапқа сәйкес, сатушылар төлемді қабылдамас бұрын тұтынушыларға телефонның IMEI кодын және оның верификация мәртебесін көрсетуге міндетті.

Бұл өзгерістер сатып алушылардың құқықтарын қалай қорғайды? Тауарды қайтару тәртібі мен сатушылардың жауапкершілігі қандай? Мәселенің заңнамалық қырларын Қазақстан тұтынушылары қауымдастығы төрағасының орынбасары Тұрсын Жағыпарова түсіндіріп берді.

Тұтынушы не талап ете алады?

Бұған дейін сатып алынған телефон сырттай ақаусыз болғанымен, кейін оның IMEI коды верификациядан өтпей, желіде бұғатталып қалатын жағдайлар жиі кездесетін. Енді жаңа заңға сәйкес, техникалық регламент талаптарына сай келмейтін кез келген смартфон сапасыз тауар деп танылады. Сарапшының айтуынша, мұндай жағдайда тұтынушы заң аясында өз құқығын қорғауға құқылы: 

«Тұтынушы сұр немесе қара тізімге енген телефон сатып алса, оны пайдаланғанына немесе қорабы ашылғанына қарамастан, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 30-бабына сәйкес 30 күн ішінде қайтаруға құқылы».

Сарапшының айтуынша, бұл ережені бұзған сатушыларға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 203-бабы бойынша шағын кәсіпкерлікке – 45 АЕК, орта кәсіпкерлікке – 70 АЕК, ірі кәсіпкерлікке – 150 АЕК айыппұл көзделген.

Тұтынушы құқығы бұзылса, қандай әрекет жасау керек?

Сарапшы тұтынушының құқығы бұзылған жағдайда мәселені шешудің үш негізгі кезеңін атады.

  1. Сатушыға жазбаша талап қою. Талап-арыз екі данада дайындалады. Сатушы оны қабылдап, тіркеп, қол қоюға міндетті. Өтініш 10 жұмыс күні ішінде қаралуы тиіс.
  2. Уәкілетті мемлекеттік органға жүгіну. Егер мәселе 10 жұмыс күні ішінде шешілмесе, 11-күні уәкілетті мемлекеттік органға шағым беруге болады.
  3. Сотқа талап-арыз беру. Алдыңғы екі кезең нәтиже бермесе, тұтынушы өтемақы мен тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы талап-арызбен сотқа жүгіне алады.

Егер сатушы тұтынушының жазбаша арызын қабылдаудан бас тартса, тұтынушы бұл сәтті фото/видеоға түсіріп, бірден полиция қызметкерлерін шақыруы тиіс.

«"Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңның 18 және 24-баптарына сәйкес полиция қызметкерлерін шақыруы керек. Полиция кәсіпкердің арызды қабылдамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту шараларын қолданады. Бұл – заңнамаға енгізілген жаңа өзгерістердің бірі», – деді маман.

Онлайн сауда дәуірінде смартфонды маркетплейстерден сатып алып, оны курьер арқылы алатындар да аз емес. Сарапшының айтуынша, мұндай жағдайда да заң талаптары өзгермейді. Сатушы тауарды сатпас бұрын оның IMEI кодын көрсетіп, құрылғының бұғатталмағанын растауға міндетті.

«Егер курьер немесе сатушы төлем жасалғанға дейін телефонды ашуға немесе IMEI кодын тексеруге мүмкіндік бермесе, тұтынушы сатып алудан толықтай бас тартуға құқылы. Өйткені сатушы тауар туралы толық әрі шынайы ақпарат беруге міндетті».

Сарапшы бұл талаптар тек ірі дүкендерге ғана емес, жеке тұлғалар мен ломбардтарға да қатысты екенін ескертті.

«Дүкен де, жеке тұлға да верификациядан өтпеген немесе IMEI коды заң талаптарына сәйкес тіркелмеген телефонды сатқаны үшін жауапкершілік арқалайды. Тұтынушы мұндай құрылғыны қайтарып, ақшасын толық өндіріп алуға және сатушыны жауапқа тарту үшін полицияға немесе мемлекеттік органдарға шағымдануға құқылы».

Сатушы чекте IMEI кодын көрсетпесе де, тұтынушы сатып алу фактісін банк арқылы жасалған төлем, маркетплейстегі тапсырыс тарихы немесе куәгерлердің айғақтары арқылы дәлелдей алады.

Жеке пайдалануға арналған телефондар қалай тіркеледі?

Маман шетелден өзі немесе отбасы мүшелері үшін үштен көп телефон алып келетін азаматтарға қатысты тәртіпті де түсіндірді. Оның айтуынша, мұндай жағдай өздігінен құқықбұзушылық болып саналмайды. Сондықтан мұндай құрылғыларды жеңілдетілген тәртіппен тіркеуге болады.

«Егер азамат шетелден өзі немесе отбасы мүшелері үшін үштен көп телефон алып келсе, бұл өздігінен құқықбұзушылық болып саналмайды және әкелінетін телефон санына шектеу қойылмайды. Алайда үштен көп құрылғы әкелінген жағдайда оларды заңдастыру Қазақстан Республикасының кеден және телекоммуникация саласындағы заңнама талаптарына сәйкес жүргізіледі. Жеке пайдалануға арналған мұндай құрылғыларды жеңілдетілген тәртіппен тіркеу мүмкіндігі қарастырылған», – деді ол.

Сарапшы Тұрсын Жағыпарованың айтуынша, IMEI верификациясын жай ғана техникалық рәсім ретінде қарастыруға болмайды. Бұл – тұтынушының құрылғыны Қазақстан аумағында заңды түрде пайдалану құқығын қамтамасыз ететін маңызды тетік. Сондықтан жаңа телефон сатып алуды немесе қолданыстағы құрылғысын жаңартуды жоспарлаған әрбір азамат құрылғының сәйкестік сертификатын және IMEI верификациядан өткенін растайтын құжаттарды сұратып, алдын ала тексеріп алғаны жөн.