12 августа 2025 г. 18:26

Қазақстанда Sinotruk-пен бірлескен кәсіпорын құрылды

Фото: Үкімет

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың қатысуымен Sinotruk компаниясының Қазақстандағы Saran Machinery компаниясына қосылуы туралы келісімге қол қойылды. Осылайша коммерциялық және арнайы техника өндіретін бірлескен кәсіпорын құрылды.

Алматы, NEGE. Жоба Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамыту аясында жүзеге асырылды. Жаңа зауыт еліміздегі коммерциялық техника өндірісін дамытудың маңызды орталығы болады.

Бірлескен кәсіпорын Саран қаласындағы «Saran Machinery» ЖШС базасында орналасқан. Өндірістің жылдық қуаты 10 000 дана техниканы, оның ішінде HOWO маркалы жүк көліктерін шығаруды қамтиды.

Жаңа зауыт заманауи технологиялық кешенмен жабдықталады, оның ішінде Қазақстандағы металлды катафорездік өңдеудің алғашқы желісі бар. Бұл қондырғы кузовтарды коррозиядан жоғары деңгейде қорғайды және техниканың пайдалану мерзімін едәуір ұзартады.

«Локализацияны дамытуға баса назар аударылуда. Кәсіпорын Qarmet металлургиялық зауытында өндірілген мырышталған болаттан жасалған кузов бөлшектерін пайдалануды жоспарлап отыр. Бұл қазақстандық шикізатты толықтай пайдалануға және өндіріс циклын ел ішінде ұйымдастыруға мүмкіндік береді»,

— деді Роман Скляр.

Sinotruk бұған дейін Қазақстандағы жергілікті серіктестермен бірге бірлескен өндіріс жүргізіп, ынтымақтастықтың негізін қалаған болатын.

Жаңа кәсіпорын өндіріс қуатын арттырып, жұмыс орындарын көбейтіп, локализацияны жоғарылатуды көздейді. Жоба толық қуатқа шыққан соң 1 000 адамға дейін жұмыс орнын құруы жоспарланған.

2025–2026 жылдары Қазақстан Республикасы Өнеркәсіпті дамыту қорының қолдауымен технологиялық жабдықтар кезең-кезеңімен жеткізіледі. 2025 жылғы қазанда шасси мен кабиналарды жинауға арналған жабдықтар, ал 2026 жылдың екінші тоқсанында бояу және дәнекерлеу жабдықтары келеді.