Құрылтай сайлауына сайлаушылардың 74,19%-ы қатысты – ОСК

Астана уақытымен сағат 20:00-де Қазақстандағы Құрылтай депутаттарына дауыс берген барлық сайлау учаскесі жабылды. Осы сәттен бастап учаскелік сайлау комиссиялары дауыстарды санауға кірісті. Сайлау заңының нормаларына сәйкес сайлау учаскелерінде дауыстарды санау уақыты дауыстарды санау басталған сәттен бастап, 12 сағаттан аспауы тиіс.

Ақорда

Астана, NEGE. Бұл ретте Қазақстаннан тыс жерлерде сайлау әлі жалғасып жатыр. Шетелде жүрген азаматтар елдің дипломатиялық өкілдіктері жанындағы учаскелерде жергілікті уақыт бойынша дауыс беруді жалғастыруда.

Елімізде барлығы 10 424 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Олардың ішінде 61 елде 79 шетелдік сайлау учаскесі ұйымдастырылды. 

Орталық сайлау комиссиясының ақпаратынша, сағат 20.00-ге дейін, яғни Қазақстан аумағындағы сайлау учаскелері жабылғанған дейін 9 352 151 сайлаушы дауыс берген. Бұл көрсекіш тізімге енгізілген азаматтардың 74,19%-ына тең.

Сайлауда дауыс беру жағынан Түркістан облысының тұрғындары (92,16%) жоғары белсенділік танытты. Одан кейінгі орындарда Жетісу (91,19%) және Қызылорда  облысы (90,75%) тұр. Ал Алматы қаласы тұрғындарының тек 43 пайыздан астамы сайлауда дауыс берген.

Өңірлер бойынша белсенділік көрсеткіші мынадай:

1. Астана қаласы бойынша – 51,67%
2. Абай облысы бойынша – 81,41%
3. Ақмола облысы бойынша – 82,69%
4. Ақтөбе облысы бойынша – 88,30%
5. Алматы облысы бойынша – 71,17%
6. Атырау облысы бойынша – 70,74%
7. Батыс Қазақстан облысы бойынша – 73,38%
8. Жамбыл облысы бойынша – 85,18
9. Жетісу облысы бойынша – 91,19%
10. Қарағанды облысы бойынша – 76,28%
11. Қостанай облысы бойынша – 76,47%
12. Қызылорда облысы бойынша – 90,75%
13. Маңғыстау облысы бойынша – 71,38%
14. Павлодар облысы бойынша – 71,20%
15. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 77,31%
16. Түркістан облысы бойынша – 92,16%
17. Ұлытау облысы бойынша – 70,72%
18. Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 87,50%
19. Алматы қаласы бойынша – 43,23%
20. Шымкент қаласы бойынша – 75,42%.

Дауыс беру қорытындысы бойынша депутаттық мандаттар партиялық тізім ұсынған жеті саяси партия арасында бөлінеді. Жалпы бір палаталы Құрылтайдағы депутаттық корпус 145 адамнан құралады.

Орталық сайлау комиссиясының күнтізбелік жоспарына сәйкес, сайлау қорытындысы дауыс беру күнінен кейін 10 күн ішінде, яғни 2026 жылғы 1 қыркүйектен кешіктірілмей шығарылуы тиіс.