Қазақстанда сауда саласына салынған инвестициялар 637 млрд теңгеден асты

Биылғы қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша сауда саласына және онымен байланысты бағыттарға салынған инвестициялар көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 22,3%-ға өсіп, 637,2 млрд теңге болды.

magnific.com

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.

Оң динамика әсіресе Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында, Шымкент қаласында, Қостанай облысында, Абай облысында, Маңғыстау облысында және Алматы қаласында байқалған.

Алматы инвестициялық белсенділіктің ірі орталықтарының бірі болып қала береді: жеті айда қалаға 204,3 млрд теңге инвестиция тартылған. Алматыдан кейінгі орында Түркістан облысы тұр. Бұл өңірге тартылған инвестиция 88,7 млрд теңгеге жеткен.

Инвестициялардың экономикалық қызмет түрлері бойынша құрылымында ең үлкен үлес көтерме және бөлшек саудаға тиесілі – 246,6 млрд теңге. 

Министрлік өкілдерінің мәлімдеуінше, қаржы және сақтандыру қызметіне, жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқаруға, сондай-ақ ғимараттарға қызмет көрсету мен аумақтарды абаттандыруға да қомақты инвестициялар бағытталуда.