Қазақстанда сауда өсімі екі есеге жуық баяулады – экономист

Қазақстандағы ішкі сауданың өсімі өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай бәсеңдеді.  Экономист Руслан Сұлтанов сауда динамикасындағы өзгерістерге назар аударды.

gov.kz

Астана, NEGE. 2026 жылдың қаңтар-шілдесінде жалпы сауда көлемі 5,9%-ға өскен. Бұл 2025 жылғы 8,6%-дық өсімнен әлдеқайда төмен көрсеткіш. Сұлтановтың айтуынша, өткен жылғы жоғары өсім соңғы үш жылдағы ең жоғары деңгей болған.

«2025 жылдың қаңтар-шілдесінде ішкі сауда 8,6%-ға өсті. Оның ішінде көтерме сауда 9,5%-ға, бөлшек сауда 6,6%-ға артты. Бұл соңғы үш жылдағы ең жоғары көрсеткіш болды. Ал 2026 жылдың осы кезеңінде сауда өсімі 5,9% болды: көтерме сауда 6,7%-ға, бөлшек сауда 4,1%-ға өскен», – деп атап өтті экономист.

2026 жылдың қаңтар-шілдесінде бөлшек сауда көлемі 14,2 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 4,1%-ға артқан. Көтерме сауда көлемі 29,1 трлн теңгеге жетіп, 6,7%-ға өскен.

Саудадағы баяулау шілдедегі айлық динамикадан да байқалады. Маусыммен салыстырғанда шілдеде бөлшек сауда 3,9%-ға өскен, ал көтерме сауда 2,3%-ға төмендеген. 

Көтерме саудада наурыз айында ерекше өсім тіркелген. Қаңтар-ақпандағы жинақталған өсім 3,8% болса, қаңтар-наурызда бұл көрсеткіш 5,8%-ға жеткен. Осылайша бір айдың ішінде өсім 2 пайыздық тармаққа артқан.

Сұлтановтың пайымынша, бұл тұрақты трендтен гөрі бір реттік ірі мәміле немесе тауар партиясының жеткізілуіне байланысты болуы мүмкін. Наурыздан кейін көтерме сауданың өсімі қайта тұрақталып, сәуірден шілдеге дейін айтарлықтай өзгермеген.

Атырауда көтерме сауда 54%-ға құлады

Көтерме саудадағы өңірлік көрсеткіштер бұдан да қатты ерекшеленеді. Атырау облысында қаңтар-шілдеде көтерме сауда көлемі 54,1%-ға төмендеген. Өңір 3,95 трлн теңге көлеміндегі айналымымен Қазақстандағы екінші ірі көтерме сауда нарығы саналады.

Шілдеде де Атыраудағы көрсеткіш төмендеп, 43,6%-ды көрсетті.

«Атырау облысындағы көтерме сауданың 90,1%-ын шетелдік үлесі бар компаниялар құрайды. Қазақстан бойынша бұл көрсеткіш небәрі – 32,7%. Яғни өңірдегі көтерме сауданың негізгі бөлігі мұнай және мұнай өнімдері нарығына байланысты жеткізілімдерге тиесілі», – деді Руслан Сұлтанов.

Көтерме сауда Шығыс Қазақстан облысында 32,7%-ға, Жетісу облысында 26,2%-ға төмендеген. Ал Түркістан облысында керісінше 61,1%-ға, Павлодар облысында 44,8%-ға, Алматы қаласында 43,1%-ға өскен.

Бөлшек саудадағы негізгі өсім азық-түлікке тиесілі

Қаңтар-шілдеде азық-түлік сатылымы 10%-ға артып, 4,7 трлн теңгеге жеткен. Оның бөлшек саудадағы үлесі 33,1% болды. Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлардың сатылымы небәрі 1,4%-ға өскен.

Өңірлер арасында да айтарлықтай айырмашылық бар. Бөлшек сауданың ең жоғары өсімі Түркістан облысында тіркеліп, 24,3% болса, Алматы облысында көрсеткіш 16,1%-ға, Шымкентте 10,5%-ға артқан. Керісінше, Ақтөбе облысында бөлшек сауда 2,2%-ға, Қарағанды облысында 2,1%-ға, Маңғыстау облысында 0,7%-ға төмендеген.

Ауылда базарлар мен жеке кәсіпкерлердің үлесі жоғары

Қазақстан бойынша бөлшек сауданың 68,8%-ы сауда кәсіпорындары арқылы іске асады. Ал жеке кәсіпкерлер мен нарықтардың үлесі шамамен 31,2%.

Ауылды жерлерде жағдай өзгеше. Мұнда жеке кәсіпкерлер мен нарықтардың үлесі 36,5%-ға жетеді. Яғни ауылдағы сауда базарлар мен шағын кәсіпкерлікке көбірек тәуелді.

Тауар қоры бойынша да өңірлер арасында алшақтық бар. Ел бойынша бөлшек сауда кәсіпорындарындағы тауар қоры орта есеппен 60 күндік саудаға, ал көтерме саудада 42 күнге жетеді. 

Жетісу облысында көтерме саудадағы қор 146 күндік саудаға жеткен. Бұл өңірдегі сатылымдардың төмендеуімен қатар жүріп отыр. Ал Атырау облысында тауар қоры небәрі 15 күнге жетеді. Бұл өңірдегі көтерме сауданың ірі әрі жылдам мәмілелерге көбірек тәуелді екенін көрсетеді.

Экономистің айтуынша, Қазақстандағы ішкі сауда өсіп жатқанымен, оның қарқыны өткен жылмен салыстырғанда бәсеңдеген. Бөлшек саудадағы өсімді негізінен азық-түлік тауарлары қамтамасыз етсе, азық-түлікке жатпайтын тауарларға сұраныс әлдеқайда баяу өсіп отыр. Көтерме саудадағы көрсеткіштер де өңірлер бойынша біркелкі емес.