Қазақстанда сабақтан жиі қалатын оқушылар полицияның бақылауына алынады
Қазақстанда 21 қарашадан бастап балаларды есепке алу мен мектептегі буллингтің алдын алудың жаңартылған ережелері қолданысқа енгізіледі.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Алматы қалалық балалардың құқықтарын қорғау басқармасы хабарлады.
Жаңа қағидаға сәйкес, 0 мен 18 жас аралығындағы балалардың бірыңғай деректер базасы жасақталады. Бұл базаға оқушылар, мектепке дейінгі жастағы балалар, оқумен қамтылмаған балалар, сондай-ақ дәлелсіз себептермен жүйелі түрде сабақтан қалатын оқушылар енгізіледі.
Сабақтан себепсіз жиі қалатын балалар туралы ақпарат ай сайын полициямен келісіліп, әр айдың 10-ына дейін Ұлттық білім беру деректер базасына енгізіліп отырады.
Жәбірлеу туралы түскен ақпаратты білім беруді басқару органдары бір жұмыс күні ішінде тіркеуге тиіс.
Сонымен қатар мектептер оқушыларға психологиялық қолдау көрсету міндеттелді.