Қазақстанда пәтерде «өндіріс» ашып, мемлекеттік тапсырыс алғандар болған

Қазақстанда кейбір компаниялар пәтер жалдап, шетелден дайын тауар импорттау арқылы отандық өндіруші мәртебесін алған. Бұл туралы бүгін Құрылтайда өткен Үкімет сағатында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.

Үкіметтің баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Жиында депутат Бақтыбек Бибаев отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізіліміне қатысты мәселе көтерді. Оның айтуынша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап СТ-KZ және индустриялық сертификаттар жаңа тізіліммен алмастырылды. Тізілімге 50 мыңнан астам өтінім түсіп, 23 мыңнан астамы кері қайтарылған.

Алайда депутат бұған дейін 600-ден астам компанияның жалған өндіруші ретінде танылғанын еске салды. Ол нақты өндірісі жоқ кәсіпорындардың мемлекеттік сатып алуға қатысып, отандық өндірушілерге берілетін преференцияларды пайдалануына жол бермеу үшін қандай шара қабылданғанын сұрады.

Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, бұрынғы СТ KZ жүйесінде нақты өндірісі жоқ компаниялар да отандық өндіруші мәртебесін иеленген. Олар дайын тауарды шетелден импорттап, Қазақстанда өндірілген өнім ретінде көрсеткен.

«Заңды тұлға қандай да бір тауарды Қазақстанда өндірілген өнім ретінде көрсету үшін пәтерді немесе басқа бір үй-жайды жалға алып, шетелден дайын тауар импорттауы мүмкін. Бізде мұндай жағдайлардың болғаны нақты дәлелденген», – деді министр.

Нағаспаевтың сөзінше, бұрын ел ішіндегі құндылық үлесін есептеу кезінде кәсіпорынның электр энергиясына, коммуналдық қызметтерге, интернет пен суға жұмсаған шығындары да есепке алынатын. Тіпті, жалға алынған пәтерде тұратын адамдардың саны мен олардың жалақысы да осы көрсеткішке қосылған. 

Министрдің айтуынша, ведомство бұл шығынды есептеу тәсілін өзгерткен.

«Біз енді өнімді өндіруге Қазақстан аумағында қанша шығын жұмсалғанын есептемейміз. Біз үшін ең бастысы – кәсіпорында нақты өндірістік қуаттың бар-жоғын анықтау. Яғни, қажетті жабдықтары бар ма, өнім сол жабдықтарда шынымен өндіріле ме, тиісті біліктілігі бар мамандар жұмыс істей ме – осының бәрін тексереміз», – деді Ерсайын Нағаспаев.

Министрдің мәліметінше, қазір тізілімде 2 700-ден астам кәсіпорын мен 84 мыңға жуық тауар позициясы бар. Тізілім мемлекеттік сатып алу платформаларымен және «Самұрық-Қазына» қорының сатып алу жүйесімен интеграцияланған. Енді мемлекеттік сатып алудағы преференцияларды тек тізілімге енген кәсіпорындар ғана пайдалана алады.

Сондай-ақ, тізілім Ұлттық тауарлар каталогымен біріктірілді. Бұл тауардың Қазақстанға импортталған сәтінен бастап, сатылуы мен экспортқа шығарылуына дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік бермек.