Қазақстанда Өзбекстанның танымал блогеріне халықаралық іздеу жарияланды

26 жастағы Махмуд Хикматов «SultanGames», «PINCO», «Nomadcasino», «Pin-Up», «Vavada» және басқа да заңсыз интернет-казиноларды жарнамалап, насихаттады деген күдікке ілінді.

ҚМА

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Қазақстанның Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады. 

Агенттік ақпаратынша, Қазақстан аумағында интернет-казинолардың заңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін жүйе құрылған. Осы жүйе арқылы интернет-казино интерфейсі ұсынылып, ақша қабылдау және төлем жасау жолға қойылған. Ол үшін эквайринг, мобильді төлемдер мен криптовалюта пайдаланылған. Сондай-ақ ел азаматтарын құмар ойындарға жаппай тарту мақсатында жарнама таратылған.

«Интернет-казиноларды жарнамалау үшін ұйымдастырушылар блогер Махмуд Хикматовты тартқан. Оған Қазақстанда жұмыс істейтін инфлюенсерлерді тауып, солар арқылы жарнамалық материалдар жариялату міндеті жүктелген», – делінген хабарламада.

Хикматов блогерлерден әлеуметтік желідегі парақшаларының статистикасын, соның ішінде жазылушыларының демографиялық және географиялық көрсеткіштерін, сондай-ақ жарияланымдарының қанша адамды қамтитыны туралы мәліметтерді сұратқан. Жарнама құны осы деректерге қарай белгіленген.

«Ол барлығы 35-тен астам блогерді, оның ішінде блогер Қайсар Қамзаны тартқан», – делінген хабарламада.

Сот Махмуд Хикматовты қамауда алуға санкция берді.

Еске салайық, қазақстандық блогер Қайсар Қамза биылғы 6 тамызда Вьетнамнан экстрадицияланды.

Қайсар Қамза, ҚМА өкілдерінің мәліметінше, интернет-казиноларға апаратын рефералдық сілтемелерді жариялап, Қазақстан азаматтарын тыйым салынған құмар ойындарға әдейі тартқан. Ол сілтеме арқылы өткен әрбір пайдаланушы үшін сыйақы алып отырған.