Қазақстанда өзбекстандық профессор тыңшылық жасады деген күдікпен қамауға алынды
Астанада 46 жастағы Өзбекстан азаматы Икболжон Корабоев ұсталды. Ол Maqsut Narikbayev University-де халықаралық қатынастар пәнінен сабақ беріп жүрген.
Астана, NEGE. BBC-дің өзбек қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 176-бабы бойынша тыңшылық жасады деген күдікке ілінген.
Туыстарының мәлімдеуінше, 3 шілдеде азаматтық киіммен келген бірнеше адам оған тыңшылық жасады деп айыпталғанын айтып, Астанадағы үйінен алып кеткен.
Корабоев Қазақстан астанасында әйелімен және кәмелетке толмаған үш баласымен тұрып жатқан.
BBC материалында Өзбекстан азаматына әзірге ешқандай заң көмегі көрсетілмей отырғаны айтылады. Корабоевтың қазіргі адвокаты онымен байланыса алмай отырғанын жеткізген. Университет өкілдері де профессорға қатысты әзірге ресми ақпарат таратқан жоқ.