15 января 2026 г. 9:16

Қазақстанда онкологиядан кейінгі балаларға арналған оңалту орталықтары жоқ

Фото: Nege.kz

Қазақстанда қатерлі ісікпен күрескен балаларға арналған арнайы оңалту орталықтары жоқтың қасы. Химиотерапия мен ауыр операциядан кейін әлсіреген бүлдіршіндерге кешенді реабилитация қажет болғанымен, елде бұл қызмет жүйелі жолға қойылмаған. Қатерлі ісікті жеңген 5 жастағы қайсар қыз Диананың тағдыры – осы мәселенің айқын көрінісі.

Астана, NEGE. Қазақстанда қатерлі ісікті жеңген балаларға арналған арнайы онкореабилитациялық орталықтар жоқтың қасы. Химиотерапия мен ауыр операциядан кейін әлсіреген бүлдіршіндерге ұзақ мерзімді кешенді оңалту қажет болғанымен, бұл бағыт елде жүйелі жолға қойылмаған. Оған қоса, ата-аналардың отандық медицинаға деген сенімсіздігі де ушығып тұр. Сондықтан қалтасы жұқарса да, көпшілігі баласын шетелге апаруға мәжбүр. 

Аталған мәселелерге қатысты Nege.kz редакциясы жауапты министрлік пен сала сарапшыларымен тілдесіп, мәселенің мән-жайын анықтады.

Диананың анасы отандық медицинаға неге сенбейді?

Қызылорда қаласының тұрғыны, кішкентай Диананың анасы Роза Бишембиева жеті жылдан бері баласының өмірі үшін арпалысып келеді. Ол 2020 жылы қатерлі қан ауруына шалдыққан. Алдымен Қызылордада, кейін Астанада ем қабылдаған. Алайда алғашқы химиотерапиядан кейін баланың жағдайы күрт нашарлағанын айтқан ана отандық медицинаға сенімін жоғалтқан.

«Алғашқы протокол өте ауыр өтті. Қызым реанимацияға түсті, инсульт алды. Кейін екінші химиотерапиядан соң оны төрт күн бойы маған көрсетпеді. Кірсем, вакуум аппаратында қара болып жатыр. Денесі күйіп кеткендей көрінді. Сол кезде қатты қорықтым. Бұл – дәрігердің қателігі деп есептеймін. Бірақ дәлелдей алмадым», – дейді Роза Бишембиева.

Осы жағдайдан кейін анасы түбегейлі шешім қабылдап, 2021 жылы Түркияға аттанған. Германияға баруға мүмкіндігі болмағанын, ем бағасы тым қымбат екенін айтады.

tiktok.com/@rozalinabishembiyeva

Түркияда дәрігерлер баланың жағдайын көріп таңданысын жасырмаған.

«Олар алдымен рактың түпкі себебін генетикалық мутациямен байланыстырды. Емді содан бастау қажеттігін айтты. Әйтпесе, химия уақытша ғана көмектесіп, қатерлі ісік қайта орала береді екен. Консилиум өткізіп, Германиядағы мамандармен де байланыс орнатты. Алты ай реабилитациядан өттік. Сол кезде ғана жағдайымыз жақсара бастады», – дейді анасы.

2022 жылы елге оралғанымен, дәрігерлер аурудың қайта қозу қаупі бар екенін ескерткен. Бес жылдық бақылау мерзімі аяқталуына аз қалғанда дерт қайта қайталанған. Роза қызын дереу Түркияға жеткізіп, сараптамадан өтіпті. Бұл жолы дәрігерлер сүйек кемігін трансплантациялау қажеттігін айтқан.

Nege.kz

Бірақ, 6 ай бойы Қазақстанда да, Еуропада да лайықты донор табылмаған. Жіті тексерістен өткен анасының өзі 50 пайыз сәйкестікпен донор болып шыққан.

«Дәрігерлер үлкен тәуекел екенін айтты. Бірақ басқа амал қалмады. Мамыр айында трансплантация жасалды. Одан кейін өте ауыр химия өтті. Реанимацияға түстік. Үш аптадан соң анализдер 99 пайызға жетті. Бұл – бір де бір рак клеткасы жоқ деген сөз. Сол сәтте жеті жылдық күресімнің жемісін көргендей болдым», – дейді Роза.

Қазір Диана Түркияда ақылы оңалту курсынан өтіп жатыр. Осы мақсатта анасы қайтадан қаражат жинауға мәжбүр.

«Қазір халық сенуден қалды. Өткен жолы баласының еміне ақша жинап сотталған ата-ана ісінен кейін көпшілік күмәнмен қарайды. Бірақ көмектескісі келетіндер жеке жазып, сұрайды. Барлық дәлелді жіберемін. Тікелей эфирге шығамыз. Бірақ көз тимесін деп, баламның видеосын аз салатын болдым. Оңалту курсын Қазақстанда емес, осы Түркияда жалғастырамыз. Елде бұл бағытта жіті мамандандырылған арнайы реабилитация орталығы жоқ», – дейді Роза.

Оның айтуынша, дәл осы мәселемен бетпе-бет келген тағдыры ұқсас ата-аналар жиі хабарласып, кеңес сұрайды. Әсіресе, оңалтуға қатысты сауал көп.

«Ол ата-аналар ауруханадағы азды-көпті реабилитациядан кейін де оңалтуды жалғастыру керек. Бұл жауапкершілік ата-ана мойнына жүктеледі. Ал, көпшілік реабилитацияны қалай жүргізу керек, не керек, қалай тамақтану сынды тұстарынан хабарсыз ғой. Әрине, олар онкология орталықтарына барып, тексеріліп нұсқаулық алады. Дегенмен, өлім аузынан аман қалған балаға ұзақ мерзімді ерекше күтім мен бақылау қажет», – дейді Роза.

Оңалтуға қатысты мәселенің түп-төркіні неде?

Роза Бишембиеваның тәжірибесіне қарасақ, Қазақстанда қатерлі ісіктен кейін балаларға арналған жеке оңалту орталығының жоқтығы ата-аналарды алаңдатып отыр. Осыған қатысты пікір білдірген онколог-радиолог Өмірсерік Қарқын арнайы онкореабилитациялық орталықтың жоқтығын жүйелік себептермен түсіндірді.

nege.kz

Оның айтуынша, әрбір онкологиялық аурухананың өз оңалту бөлімшесі бар. Пациенттер ем аяқталған соң сол жерде оңалтудан өтеді.

Маманның сөзінше, жекешеленген онкореабилитациялық орталық ашу үшін халықаралық деңгейдегі лицензия талап етіледі. Бұл – қиын әрі күрделі процесс.

«Мемлекеттік медициналық мекемелерде нақты специализация қалыптасқан. Ал жеке, ақылы орталық ашу үшін құжаттық рәсімдер мен талаптар өте көп. Сондықтан медицина саласындағы кәсіпкерлер қазіргі сұраныстың төмен екенін көріп, мұндай орталықтар ашуға қызығушылық танытпай отыр деп ойлаймын», – деді онколог.

Дәрігер емдеу мен оңалтуға қатысты сын-пікірлерге жауап беріп, елімізде халықаралық стандарттарға сай процедуралар жүргізілетінін атап өтті.

Онколог көтерген тағы бір өзекті мәселе – ата-аналардың отандық медицинаға сенімінің төмендігі. Соның салдарынан онкологиялық диагноз қойылған балалардың ата-аналары ем алу үшін шетелге кетуге асық. Көбіне Ресей, Түркия және Оңтүстік Кореяны таңдайды.

Маман шетелде емделу мен оңалтуға мыңдаған доллар жұмсалатынын алға тартты. Ал Қазақстанда әрбір науқас балаға мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, медициналық көмек тегін көрсетіледі. Емдеу шаралары да халықаралық стандарттарға сай жүргізілетінін еске салды.

Сондай-ақ, онколог елімізде балалар онкологтарының тапшылығы бар екенін жасырмады. Оның сөзінше, дәрігерлердің басым бөлігі ересектердегі онкологиялық ауруларды емдеуге бейімделген. Сондықтан аталған санатта кадр жетіспеушілігі барын ашық айтты.

«Балалар онкологиясы – мүлде бөлек бағыт. Ол арнайы білім мен дайындықты талап етеді», – деді Өмірсерік Қарқын.

Денсаулық сақтау министрлігінің уәжі

Денсаулық сақтау министрлігі елімізде балаларға арналған жеке онкореабилитациялық орталықтың жоқ екенін ресми түрде мойындады. Ведомство өкілі Әсел Қыдыралиева мұның себебін науқастар санының аздығымен түсіндірді.

ortcom.kz

Оның айтуынша, бүгінде ел бойынша барлығы 81 реабилитациялық орталық жұмыс істейді. Оның үшеуі – республикалық деңгейдегі мекемелер. Бұл орталықтардың барлығында онкологиялық аурудан кейінгі оңалту қызметін көрсететін бөлімшелер бар. Балаларға арналған арнайы жатын орындары қарастырылған.

Билік 2026 жылдың соңына дейін тағы 11 жалпы оңалту орталығын салуды жоспарлап отыр. Бұл өңір тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған екен.

«Қазақстанда жыл сайын шамамен 600 балада қатерлі ісік анықталады. Олар барлық өңірге біркелкі таралмаған. Бір аймақта 30 науқас тіркелсе, басқа облыста 10–15 бала болуы мүмкін. Осыны ескере отырып, жеке үлкен онкореабилитациялық орталық салуға нақты қажеттілік, негіз жоқ», – дейді министрлік өкілі.

Қазіргі таңда Алматыдағы Ұлттық балалар реабилитациялық орталығы мен Астанадағы Ана мен бала орталығы қатерлі ісіктен кейінгі оңалту қызметін көрсетіп келеді. Бұдан бөлек, облыстық көпбейінді ауруханалар да арнайы құрал-жабдықтармен қамтылған.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сүйенсек, елімізде жыл сайын 800-ден астам балаға онкологиялық және гематологиялық диагноз қойылады. Оның 600-ге жуығы – қатерлі ісік. Қазір республика бойынша 5 мыңға жуық бала диспансерлік есепте тұр. Мамандар соңғы жылдары балалар арасындағы мұндай диагноздардың артқанын айтады. Әсіресе, лейкоз дерті жиі анықталып жатыр. Алайда бұл өсім аурудың көбейгенін ғана емес, медицинаның дамығанын да көрсетеді.

«Қазір дерт ерте кезеңде анықталып жатыр. Диагноз неғұрлым ерте қойылса, ем де соғұрлым нәтижелі болады. Бұл – баланың өмірін сақтап қалудың басты жолы. Жыл сайын тіркелген жүздеген баланың көпшілігі ремиссияға шығып жатыр», – дейді Әсел Қыдыралиева.

2019 жылы балаларды жоғары технологиялық ем алу үшін шетелге 36 түрлі бағыт бойынша жіберетін. Қазір бұл көрсеткіш 19-ға дейін қысқарған. Соның нәтижесінде шетелге жолдама саны екі есе азайған. Министрлік мұны отандық медицинаның дамуы мен инновациялық технологиялардың енгізілуімен байланыстырады. Бүгінде бұрын тек шетелде жасалатын күрделі ем түрлері елімізде қолжетімді.

Дегенмен кей ата-аналар әлі де болса баласын шетелде емдетуді жөн көреді. Бұған сенімсіздік пен ақпараттың аздығы себеп.

Ал дәрігерлер соңғы жылдары онкогематологиялық ауруға шалдыққан балалардың 5 жылдық өмір сүру көрсеткіші 70 пайызға жеткенін айтады. Сонымен қатар балалар денсаулығына бөлінетін бюджет екі есеге артқан.