Қазақстанда нотариустардың қызметін бақылау күшейтілмек

Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нотариаттық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

kosshy.kz

Астана, NEGE. Нотариат қызметіне қатысты заң жобасын талқылау барысында депутат Нұрсұлтан Байтілесов атқарушылық жазбаларды рәсімдеу саласында елеулі заңбұзушылықтар анықталғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, тексеру кезінде қаралған 10 бағыттың ішінде тек атқарушылық жазбаларды іске асыру негізі бойынша ғана шамамен 2 млрд теңгеге қатысты заңбұзушылықтар тіркелген.

Осыған байланысты заң жобасында нотариат жүйесін реформалау көзделген.

Атап айтқанда, Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе 2.0 енгізіліп, материалдарды нотариустар арасында автоматты түрде бөлу механизмі іске қосылады.

Енді ұйымдар нотариусты өз бетінше таңдай алмайды, өйткені жүйе өтініштерді борышкердің тіркелген жеріне қарай кездейсоқ тәртіппен бағыттайды.

Сонымен қатар нотариустардың микроқаржы ұйымдарымен, жеке сот орындаушыларымен және өзге де мүдделі тараптармен байланысын шектеу ұсынылды.

Заң жобасы нотариустардың жауапкершілігін күшейтуді де қарастырады: талаптар бұзылған жағдайда лицензияның қолданысын уақытша тоқтату немесе одан айыру шаралары қолданылуы мүмкін.

Депутаттардың айтуынша, кейбір азаматтар атқарушылық жазба шығарылғанын тек банк шоты бұғатталғаннан кейін ғана білген. Осыған байланысты азаматтарға eGov және SMS арқылы міндетті хабарлама жіберу тетігі енгізілмек.

Онлайн нотариат қызметін заң жүзінде бекіту ұсынылды. Пилоттық жоба кезеңінде 800 мыңнан астам нотариаттық қызмет қашықтан көрсетілген.

Нотариат саласындағы мемлекеттік бақылау күшейтіледі. Әділет органдарының заңбұзушылықтарға жедел әрекет ету тетіктерін кеңейту жоспарланған.

Бұдан бөлек, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор келісімшарттары бойынша атқарушылық жазба жазу құзыретін нотариустардан алып тастау ұсынылған.

Қазір оқып жатыр

Алатауда аэротакси бағасы премиум таксимен шамалас болады

29 мамырда Алматыда қалдықтарды кәдеге жарату зауытының құрылысы басталады

Астана әуежайынан ұшып кететін жолаушыларға бірқатар өзгеріс болатыны ескертілді

Конституциялық сотқа жүгіну кезіндегі мемлекеттік баж салығы алынып тасталмақ