Қазақстанда мобильді аударымдарды тексеру шегі 1,5 миллион теңгеге дейін көтерілмек
10 қарашадан бастап салық органдары мобильді аударымдарды жаңа тәртіп бойынша тексере бастайды. Өйткені үш айдағы аударымдардың шекті сомасы 1,02 миллион теңгеден 1 557 000 теңгеге дейін ұлғаяды.
Астана, NEGE. Бұл ретте тексеру жүргізу үшін төмендегі екі талап қатар орындалуы керек:
- жеке шотқа қатарынан үш айдың әрқайсысында 100 және одан да көп түрлі адамнан ақша түсуі;
- осы кезеңдегі ақша түсімдерінің жалпы сомасы 1 557 000 теңгеден асуы қажет.
Сонымен қатар шекті соманы есептеу тәсілі де өзгереді. Бұған дейін 12 ең төменгі жалақы мөлшері негізге алынса, енді 360 АЕК бойынша есептеледі.
Белгіленген шектен асу шоттың автоматты түрде бұғатталатынын немесе айыппұл салынатынын білдірмейді. Салық органдары мұндай операциялардан кәсіпкерлік қызметтің белгілерін іздейді. Ал туыстар мен достар арасындағы қарапайым ақша аударымдарына салық салынбайды.
Қаржы министрінің тиісті бұйрығына 23 қазанда қол қойылып, 30 қазанда жарияланған. Құжат 10 қарашадан бастап күшіне енеді.