Қазақстанда «миллион пәтер тегін беріледі» деген жалған видео тарады

Әлеуметтік желілерде Қазақстан азаматтарына бір миллион пәтер тегін беріледі деген видео тарады.

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы

Астана, NEGE. Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын хабарлады.

Орталықтың мәліметінше, видеоны жасағандар жоғары лауазымды тұлғалардың шынайы бейнежазбаларын пайдаланып, оларға болмаған мәлімдемелерді қосқан. Соның салдарынан ақпарат ресми органдар немесе мемлекеттік тұлғалар айтқандай әсер қалдырады.

Мамандар мұндай тәсілдің бұған дейін де қолданылғанын айтады. Осындай жалған видеолар референдум, сайлау, Үкімет құрамын жасақтау сияқты маңызды саяси оқиғалардың қарсаңында жиі тарайды. 

Орталық мұндай видеоларға тап болғанда үзіндіге емес, мәлімдеменің толық нұсқасы жарияланған ресми дереккөзге қарауға кеңес берді.