Қазақстанда мектеп оқулықтарынан 700-ден астам ескертпе мен қателер анықталған

Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанда мектеп оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендер неліктен жаңартылғалы жатқанын түсіндірді.

gov.kz

Астана, NEGE. Аида Балаеваның оқулықтарды жаңартуға қатысты түсіндірмесі Оқу-ағарту министрлігінің Telegram-дағы арнасында жарияланды.

Жоспарға сәйкес, 2026 жылғы 30 тамызға дейін 3 және 7-сыныптарға арналған оқулықтар, 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін 4 және 9-сынып оқулықтары, ал 2027 жылғы 1 сәуірге дейін 8-сынып оқулықтары жаңартылады.

Балаеваның айтуынша, қолданыстағы оқулықтарды жаңартуға әртүрлі сипаттағы 700-ден астам ескертпе мен қателердің анықталуы себеп болған. Атап айтқанда, техникалық және стильдік кемшіліктер, деректерге қатысты қателер, мазмұнға сәйкес келмейтін иллюстрациялар кездескен, сондай-ақ ескірген әдіс-тәсілдер қолданылып келген.

«Әсіресе ұлттық мазмұнға лайықтап бейімделмеген материалдардың пайдаланылуы, математика пәніндегі қате анықтамалар мен есеп шығару жолдары, оқу бағдарламасында көзделмеген шығармалардың енгізілуі, сондай-ақ тарихи оқиғаларға қатысты жаңсақ пайымдар ерекше алаңдаушылық туғызып отыр», – дейді премьер-министрдің орынбасары.

Бұған қоса бірқатар оқулықтың мазмұны тоғыз жылдан бері жаңартылмаған. Балаеваның пікірінше, оқулық мемлекеттің, қоғамның және білім беру жүйесінің бүгінгі сұранысына толық жауап беруге тиіс.

«Бұл бұрын аталған оқулықтарды мақұлдаған Пәндік сараптама комиссиясы шешімдерінің күші жойылады деген сөз емес. Әңгіме түпкі нәтиже үшін ортақ жауапкершілік туралы болып отыр. Білім саласы формалды көзқарасты көтермейді. Баланың қолына тиетін әрбір оқулық сапалы, мазмұны дәл, дерегі шынайы және уақыт талабына сай болуы керек», – деді ол.

Оқу-ағарту министрлігінің жоспары бойынша, оқулықтар кезең-кезеңімен жаңартылып, мектептер жаңа оқу басылымдарымен қамтамасыз етілмек.