Қазақстанда медициналық ұйым басшыларының әрбір бесіншісі тестілеуден өте алмаған
Денсаулық сақтау министрлігі перзентханалар, балалар стационарлары мен жедел медициналық жәрдем станцияларының басшылары және олардың орынбасарларын аттестаттаудан өткізіп жатыр.
Астана, NEGE. Министрліктің хабарлауынша, тестілеудің бірінші кезеңі 14 қазаннан бастап өткізіліп келеді, ал 2 қарашадағы жағдай бойынша тестілеуге қатысушылардың 20 пайызы өту балын жинай алмаған.
Алдын ала нәтижелер бойынша 188 қатысушы немесе 80 пайызы тестілеуден сәтті өткен. Тағы 47 адам, немесе қатысушылардың 20 пайызы қажетті балл жинай алмаған.
«Олардың қатарында 25 басшы және 22 басшының орынбасары бар. Сонымен қатар 27 адам тестілеуге келмеген», – делінген ДСМ хабарламасында.
Теріс нәтиже көрсеткендердің басым бөлігі Ақмола, Маңғыстау және Қостанай облыстарында тіркелген. Бұл үш өңірге өту балын жинай алмаған қатысушылардың жалпы санының 55,3 пайзы тиесілі.
Бұл ретте министрлік өкілдері ұсынылған деректер аттестаттаудың түпкілікті қорытындысы емес екенін, тестілеу 2026 жылғы желтоқсан айының соңына дейін жалғасатынын атап өтті.