Қазақстанда медициналық қызметтерді ҚҚС-тан босату ұсынылды

Салық кодексін енгізу жобалық кеңсесінің 24-отырысында дәрілік заттарға, медициналық бұйымдар мен қызметтерге салынатын ҚҚС мөлшерлемесі талқыланды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

magnific.com

Астана, NEGE. Жиында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы денсаулық сақтау саласы өкілдерінің атынан медициналық қызметтерді ҚҚС-тан босатуды ұсынды.

Жаңа Салық кодексінде денсаулық сақтаудың жекелеген бағыттары үшін ҚҚС мөлшерлемесін кезең-кезеңімен өзгерту көзделген. Бұл ретте тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде ұсынылатын медициналық қызметтер мен дәрілік заттардың 3 мыңнан аса түрі ҚҚС-тан босатылды.

Сондай-ақ сирек және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, диагностикалау, алдын алу және оңалту бойынша медициналық қызметтерге ҚҚС салынбайды. Қосымша ТМККК және МӘМС шеңберінде дәрілік заттарды өндіру үшін пайдаланылатын фармацевтикалық субстанциялардың импорты салықтан босатылды.

Көтерме және бөлшек сауда сегменттерінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өткізу үшін ҚҚС төмендетілген мөлшерлемесі көзделген: 2026 жылғы қаңтардан бастап – 5%, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 10% болады.

Денсаулық сақтау саласының өкілдері әртүрлі ҚҚС ставкаларын қолдану әкімшілендіру кезінде қиындықтар туғызатынын айтып, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға ҚҚС бірыңғай өтпелі мөлшерлемесін енгізу мәселесін көтерген болатын.

«Атамекен» ҰКП-ның түрлі нұсқаларын қарастырғаннан кейін, саланың атынан барлық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға ҚҚС-тың бірыңғай өтпелі мөлшерлемесін 5% мөлшерінде белгілеуді, ал медициналық қызметтерді ҚҚС-тан босатуды ұсынды. «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев мысал ретінде ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесін келтірді. Олардың басым көпшілігінде медициналық қызметтерге ҚҚС – 0%.

«Отырыс барысында, сондай-ақ тәжірибе көрсеткендей, оның ішінде пандемия кезінде салықтан босату ұсынылатын қызметтердің, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың бағасына әсер етпейтіні атап өтілді. Осыған байланысты денсаулық сақтау саласындағы ҚҚС мөлшерлемелерін ықтимал қайта қарау бюджетке, салаға, сондай-ақ халықтың медициналық көмек пен дәрілік заттарға қол жеткізуіне әсер ететінін ескере отырып, жан-жақты талдауды талап етеді», – делінген Үкімет хабарламасында.

Жиынға қатысушылар денсаулық сақтау саласы мен бюджет үшін ұсынылатын өзгерістердің ықтимал салдарын егжей-тегжейлі талдағаннан кейін, бұл мәселеге қайта оралуға келісті.