7 октября 2025 г. 12:39

Қазақстанда қолма-қол ақша жасайтын 81 топ әшкереленді – ҚМА

Фото: ҚМА

Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов Үкімет отырысында Мемлекет басшысының көлеңкелі экономиканы төмендету жөніндегі тапсырмаларын орындау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Алматы, NEGE. Ол осы жылдың басынан бері қаражат айналымы 24 млрд теңге болатын 81 қолма-қол ақша жасайтын топ әшкереленгенін хабарлады. Қылмыстық кірістерді жылыстату схемаларына тартылған 130 крипто-биржаның қызметі тоқтатылды.

Көлеңкелі өндіріске қарсы күрес аясында темекі және алкоголь өнімдерін шығаратын 18 жасырын цех жойылды.

«Бұдан басқа, көлеңкелі айналымнан жалпы құны 12 млрд теңге болатын вейптер шығарылды, бұл заңсыз нарық ауқымын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берді. 17 млрд. теңгеге мұнай өнімдерін заңсыз әкету тоқтатылды. 62 жасырын казино жойылды», — деп қосты Қайрат Бижанов.