Қазақстанда «ҚыздарНет» сайтына қатысты алғашқы үкім шықты
Петропавлда тыйым салынған «ҚыздарНет» сайты арқылы интим қызметті жарнамалауға қатысы бар трансұлттық ұйымдасқан топқа үкім шықты.
Астана, NEGE. Прокуратураның мәліметінше, топ мүшелері сайтта интим қызмет көрсететін адамдардың анкеталарын ақылы түрде алға шығарып отырған. Бұл үшін белгіленген тариф бойынша ақы алған.
Биыл наурыз айында Петропавл қаласының прокуратурасы осы іске қатысы бар 6 адамға айып таққан. 19 маусымда Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты үкім шығарды.
Сот барлық айыпталушыны кінәлі деп таныды. Ұйымдасқан топтың басшысы 10 жылға, ал қалған қатысушылардың әрқайсысы 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Прокуратура бұл Қазақстанда «ҚыздарНет» сайты арқылы сутенерлікке жәрдемдескені үшін шыққан алғашқы үкім екенін хабарлады.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.