Қазақстанда киіктерді атуға рұқсат берілді
Алматы, NЕGE. Министр бұл шешімді Батыс Қазақстан облысындағы фермерлермен кездесуде мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қадам ғылыми деректер мен халықаралық тәжірибеге сүйене отырып қабылданған.
– Ғылыми қорытындыларға, фермерлердің ұсыныстарына және әлемде жекелеген жануар түрлерінің санын реттеу тәжірибесіне сүйене отырып, киік популяциясын реттеу туралы шешім қабылданды, – деді Ерлан Нысанбаев.
Бұған дейін Қазақстан киік популяциясын қалпына келтіруге көп күш пен қаражат жұмсаған болатын. Алайда қазір билік өкілдері тарапынан осы жануарлардың ауыл шаруашылығына, азық-түлік қауіпсіздігіне, тіпті адамға қауіп төндіре бастады деген пікірлер айтылып жүр.
27 мамыр күні Мәжіліс ғимаратында Аграрлық мәселелер комитетінің отырысы өтті. Онда киік популяциясына қатысты мәселелер қызу талқыланды. Көптеген дау-дамай, ескертулер мен шағымдар айтылды.
Киік 1996 жылы Халықаралық табиғат қорғау одағының Қызыл тізіміне енген. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілмегенімен, оны аулауға толықтай тыйым салынған. Сондықтан заң жүзінде киікті заңсыз ату Қызыл кітапқа енген жануарларды атқанмен тең.