Қазақстанда кедейлік деңгейі төрт есеге жуық төмендеді

Қазақстанда кедейлік деңгейі жиырма жылда төрт есеге жуық төмендеді. Бұл жөнінде Дүниежүзілік банктің дерегінше, 2006-2025 жылдары ұлттық кедейлік көрсеткіші 18,2%-дан 4,9%-ға дейін азайған.

gov.kz

Астана, NEGE. Банк баяндамасында халықаралық өлшем бойынша да оң өзгеріс байқалатыны айтылған. 2021 жылғы сатып алу қабілетінің паритеті бойынша күніне 8,3 доллардан аз табыс табатын қазақстандықтардың үлесі 2006 жылғы 55,7%-дан 2024 жылы 13,8%-ға дейін қысқарған. Бұған негізінен жалдамалы еңбек арқылы халық табысының өсуі әсер еткен. Кедейлік деңгейі барлық өңірде төмендеген.

Алайда соңғы жылдары бұл көрсеткіштің төмендеу қарқыны баяулаған. COVID-19 пандемиясы, инфляция және Украинадағы соғыс экономика мен халықтың тұрмыс деңгейіне кері әсерін тигізген. Мәселен, баяндамада келтірілген дерекке сәйкес, халықаралық кедейлік деңгейі 2018-2020 жылдары шамамен 19% деңгейінде сақталып, 2022 жылы 15,2%-ға дейін төмендеген. Ал 2022-2024 жылдары шамамен 14% деңгейінде қалған.

Дүниежүзілік банк инфляция, әсіресе табысы төмен отбасыларға салмақ салып отырғанын атап өтеді. 2026 жылғы шілдеде жылдық инфляция 10,2%-ға дейін баяулағанымен, азық-түлік бағасы 10,1%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11,7%-ға, қызметтер 9,7%-ға қымбаттаған.

Сонымен қатар экономикалық өсім халықтың нақты табысының артуына тікелей әсер етпеген. 2025 жылы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 5,2%-ға өскенімен, нақты жалақы 1,4%-ға, ал нақты табыс 2,3%-ға төмендеген.

Дүниежүзілік банктің болжамынша, халықаралық кедейлік деңгейі 2025 жылы 11,2%-ға, 2026 жылы 9,9%-ға, 2027 жылы 8,7%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Алайда ұйым экономикалық өсім мен халық табысы арасындағы алшақтыққа байланысты бұл болжамдардың нақты болатынына кепіл жоқ екенін ескертеді.

Табыс теңсіздігі бойынша Қазақстанның Джини индексі 2024 жылы 30,2-ден 29-ға дейін төмендеген. Дегенмен World Inequality Database деректеріне сәйкес, 2024 жылы елдегі ең жоғары табыс табатын халықтың 1%-ының үлесіне жалпы табыстың 14,9%-ы тиесілі болған. Ал халықтың ең төмен табыс табатын 50%-ы жалпы табыстың 16,4%-ын иеленген.

Дүниежүзілік банктің дерегінше, 2025 жылы Қазақстанда кедейлік шегінен төмен өмір сүретін 1 млн-нан астам адам болған. Бұл халықтың 4,9%-ына тең.