30 декабря 2025 г. 12:59

Қазақстанда казино саны артуы мүмкін

Фото: pixabay.com

Қазақстанда казино орналасатын аймақтар саны артуы мүмкін. Бұл мәселе Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз брифингінде айтылды.

Астана, NEGE. Журналистер спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосыновтан туристік қызмет туралы заңға енгізілген түзетулер аясында казино ашу мәселесі жөнінде сұрады.

БАҚ өкілдері Қазақстанның бірнеше өңірінде казино ашу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын атап өтті. Енді казино тек Бурабай мен Қапшағайда ғана емес, Маңғыстау облысында Каспий теңізі жағалауында, Жетісу облысындағы Алакөл маңында, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында да ашылуы мүмкін.

Министр Ербол Мырзабосынов бұл ақпаратты растады. Оның айтуынша, үкімет бұл өңірлерді тек туристік аймақ ретінде белгілейді, ал казиноның нақты қай аумақта орналасатынын жергілікті атқарушы органдар шешеді. Бұл шешім әр өңірдің инфрақұрылымдық мүмкіндіктеріне қарай қабылданады.

Министрлік бұл бастаманы туризмді дамытудың бір тетігі деп есептейді. Ведомствоның мәліметінше, әрбір жаңа казино жылына 2–3 млрд теңге көлемінде салық төлеп, шамамен 500 адамды жұмыспен қамтиды.

«Салықты төмендету туралы сөз қозғалып отырған жоқ. Казино әрбір ойын үстелі бойынша салық төлейді. Жалпы алғанда, бір казино жылына 2–3 млрд теңге көлемінде салық төлейді. Салық мөлшерін төмендету немесе қандай да бір жеңілдік қарастырылмаған», – деді министр.

Ведомство басшысының айтуынша, казино санын арттырып, туризмді дамыту – халықаралық тәжірибеде бар тәсіл.