Тіл жайлы сөзі үшін басы дауға қалған гидті полиция тексереді

Шетелдік блогерге Алматыны таныстырамын деп сынға қалған гид қалалық туризм басқармасына шақырылып, түсініктеме берді.

@GreyWiese/youtube.com

Астана, NEGE. Қыркүйектің басында Grey Wiese лақап атымен танымал ресейлік блогер Сергей Григорьев-Аполлонов Алматыға сапарынан бірнеше бейнеролик жариялаған болатын.  

Бейнероликтердің бірінде блогерге қаланың тыныс-тіршілігін таныстырған Татьяна есімді гидтің Қазақстан тарихы, мәдениеті, сондай-ақ қазақ тілі туралы айтқан пікірі қазақстандықтарға жаға қойған жоқ. 

Гидтің қала және Қазақстан туралы айтқандарын желі қолданушыларының бірі «империализм мен кеңестік призма арқылы берілген, өзіндік тарихымыз бен төл болмысымыз жоқтай әсер қалдырады» деп сынады.

Әсіресе гидтің «Алматыда қазақ тілін білмей-ақ өмір сүруге болады» дегенге саятын пікірі көптің наразылығын тудырды.

Осы пікірлерге байланысты редакция Туризм және спорт министрлігіне арнайы сауал жолдады. Туризм индустриясы комитеті NEGE-ге Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 3-бабына сәйкес Ішкі істер министрлігіне хат жолданғанын хабарлады.

Сондай-ақ жауапта шетелдік блогерге қаланы таныстырған Татьянаның гид қызметімен кәсіби түрде айналыспайтыны, одан түсініктеме алынғаны айтылған.

«Министрлік Алматы қаласының туризм басқармасына сұрау жолдады. Жергілікті мемлекеттік орган материалда көрсетілген азаматпен тікелей жұмыс жүргізді. Өткізілген іс-шара барысында аталған тұлға гид болып табылмайтыны және экскурсиялық қызметті кәсіби негізде жүзеге асырмайтыны анықталды. Азаматтың айтуынша, экскурсия таныстардың өтініші мен ұсынысы бойынша өткізілді. Осылайша, аталған азаматтан тиісті түсініктеме алынды», – деп хабарлады министрлік өкілдері.

Ал бейнероликте Татьяна үш жылдан бері гид болып жұмыс істеп жүргенін айтқан.

Осы жайттан кейін «Қазақстанды шетелдіктерге кім таныстырып жүр, гидтерге қойылатын арнайы талаптар бар ма, олардың қызметін кім бақылайды?» деген сұрақтар туындады. 

Қазақстанда гид қызметі қалай реттеледі?

Министрліктің түсіндіруінше, Қазақстанда гид, экскурсия жүргізушісі және туризм нұсқаушысының қызметі хабарлама беру тәртібімен реттеледі. Яғни бұл қызметті бастау үшін eLicense.kz порталы арқылы тиісті хабарлама жіберу қажет. Қазір порталға 300-ден астам субъект тіркелген.

Ал гидтердің тарих, мәдениет және тіл саласындағы білімін бағалау мемлекеттік міндетті емтихан арқылы емес, біліктілікті тану орталықтары мен бейінді қауымдастықтардың ерікті түрде сертификаттауы арқылы жүргізіледі.

Министрлік гидтер экскурсия кезінде туристерге Қазақстанның тарихы, географиясы, мәдениеті, дәстүрі, әдет-ғұрпы мен тарихи ескерткіштері туралы дұрыс, объективті және толық ақпарат беруге тиіс екенін атап өтті.

Сонымен бірге олардың Қазақстан азаматы болуы, қызметінің басталғаны туралы қолданыстағы хабарламасы болуы және заңнама талаптары мен туристердің құқықтарын сақтауы қажет.

Ақпаратты бұрмалап жеткізген гидтер жауапқа тартыла ма?

Ведомство мәліметінше, мұндай жағдайда жауапкершіліктің бірнеше түрі көзделген. Атап айтқанда, қызмет сапасыз көрсетілсе немесе жаңылыстыратын болса, азаматтық-құқықтық жауапкершілік қарастырылған, мұндайда залалды өтеу немесе келісімшартты бұзу талап етілуі мүмкін.

Ал заңда көзделген негіздер болған жағдайда гидтің қызметі сот тәртібімен тоқтатылуы ықтимал.

Бұған қоса Туризм және спорт министрлігі қазір «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және қазақстандық туристік қауымдастықтармен бірлесіп гидтер, экскурсия жүргізушілері мен туризм нұсқаушыларының қызмет ету қағидаларына өзгерістер енгізу мәселесін пысықтап жатқанын мәлімдеді. Министрліктегілер жұмыс барысында гидтердің кәсіби қызметіне қатысты жоғарыда аталған мәселелер де назарға алынатынын атап өтті.