Қазақстанда қатерлі ісіктің емі табылғаны рас па?

Қатерлі ісікке ем іздеу – медицина ғылымындағы ең күрделі мәселелердің бірі. Қоғам да әлеуметтік желіде тарайтын «рактың емі табылды» деген ақпаратқа сенгісі келеді. Алайда медицина – эмоцияға емес, нақты ғылымға сүйенетін сала.

ҚР Президенті іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасының баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Қазақстанда бүгінде 247 мыңға жуық адам онкологиялық аурумен есепте тұр. Бұл – елдегі шамамен әрбір 82-ші тұрғын қатерлі ісікпен өмір сүріп жатыр деген сөз.

Онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім соңғы бес жылда 20 пайызға азайғанымен, дертке шалдыққандар саны артып келеді. Жыл сайын 40 мыңға жуық адам өз диагнозын алғаш рет бетпе-бет келеді. Бұл да көңіл көншітерлік жағдай емес.

Осы тұрғыдан алғанда, қоғамның үкімет пен ғалымдардан инновациялық шешімдер күтуі заңды. Оның алғашқы тиімді шараларын да көре бастадық. Бүгінде білікті мамандар онкологиялық науқастардың сүйектегі метастазын азайтып, ауырсынуды басатын «Самарий оксабифор» препаратын алғаш қолдана бастады. Президент ісі басқармасы медициналық орталығы ауруханасының Ядролық медицина орталығында қолға алынған бұл ем – үміті сейілген науқас үшін сапалы өмір сүрудің жаңа мүмкіндігі.

Химиотерапия секілді ағзаны қажытпайтын бұл радиофармпрепарат елімізге қалай келді? Ол онкологиялық науқастарға қалай көмектесіп жатыр? Осы маңызды сұрақтардың жауабын Ядролық медицина орталығының жетекші маманы Қуантқан Жабагинмен талқыладық.

Қуантқан Жабагин, NEGE

– Қоғамда «қатерлікі ісіктің емі табылды» деген пікір тез тарайды. Сондықтан нақтылап сұрайын: бұл препарат ісікті толық емдей ме, әлде аурудың дамуын баяулатып, өмір сапасы мен ұзақтылығын арттыруға арналған ба?

– Әрбір ағзаның онкологиялық аурулары өз бетінше дамиды және олардың емделу жолдары да әртүрлі. Біреуіне хирургиялық ем, біреуіне сәулелік терапия, біреуіне химиотерапия немесе иммундық-таргетті терапия тағайындалады. Әлеуметтік желілерде «рактың емі табылды» деп жазылып жатады. Бірақ, «Самарий оксабифор» препараты тек сүйектегі метастаздарды емдейді, яғни ауырсынуды басады. Бұл – бүкіл ракты емдейді деген сөз емес. Бұл – тек сүйектегі метастаздарды емдейтін Қазақстандағы алғашқы дәрі.

Бұл препарат Қазақстанның өзінде шығарылмайды. Алайда бұл препаратты алғашқылардың бірі болып Президент Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының Ядролық медицина орталығы қолдана бастады. Біз әзірге алғашқы және жалғыз орталықпыз. Бізге Қазақстанның түкпір-түкпірінен науқастар келеді.

Емнің ақылы түрде жүргізілу себебі – бұл медициналық көмек түрі Денсаулық сақтау министрлігінің кепілдендірілген медициналық көмек тізіміне енген жоқ. Алдағы уақытта тізімге кіреді деп сенеміз. Өз тарапымыздан клиникалық хаттамаларын, барлық есеп-қисап құжаттарын дайындап қойдық. Медициналық сақтандыру қоры мен Денсаулық сақтау министрлігі бірігіп, тариф жасап, сол тариф арқылы Ядролық медицина орталықтары науқастарды тегін емдейді деп үміттенеміз. Ал әзірге біздің препарат тізімде жоқ болғандықтан, ақылы түрде қабылдауға мәжбүрміз.

«Самарий оксабифор» препараты, ПІБ МО ауруханасының Ядролық медицина орталығы

– Сонда емнің бағасы қанша?

– Қазақстандықтар үшін бұл ем әлі де қолжетімді емес, яғни тек ақылы түрде алуға болады. 3 айда бір рет алынатын препараттың құны – 1 260 000 теңге. Бірінші және екінші топтағы мүгедектегі бар жандарға 20%, зейнеткерлер мен үшінші топтағы мүгедектігі бар жандарға 10% жеңілдік қарастырылған.

Біз лицензияланған орталықтарға арнайы тапсырыс береміз. Оған қоса, препарат Қазақстанда тіркелмегендіктен, біз ел аумағына кіргізу үшін Денсаулық сақтау министрлігінен рұқсат қағаз аламыз. Әзірге бұндай рұқсат қағаз тек біздің орталықта ғана бар.

– Бұл препаратты әзірлеу идеясы қашан пайда болды? Зерттеу жұмыстары қанша жыл жүргізілді және оған қандай ғылыми ұйымдар мен мамандар қатысты?

– Препаратты «инновациялық препарат» деп айту қате. Осыдан бір-екі күн бұрын «Қазақстанда шығарылған» деген ақпарат оқып қалдым. Негізі, «Самарий оксабифор» препараты әлемде 40 жылға жуық қолданылып келеді. Ресейдің өзінде 15 жылға жуық, көршіміз Өзбекстанда да 5-6 жылға жуық қолданыста. Ал елімізде бұл препаратпен емдеу үрдісі жолға қойылмаған еді. Сол себепті «Қазақстанда шығарылды» емес, «Қазақстанда алғаш рет қолданылды» деген дұрысырақ болады.

Әзірше бұл препаратты Ресейдің Обнинск қаласынан және Өзбекстанның Ташкент қаласындағы Ядролық физика институтынан алып жатырмыз. Осыған дейін Алматы қаласындағы Ядролық физика институтына «осы препаратты өндіре аласыздар ма?» деген мәселе бойынша жүгінген едік. Алдағы уақытта жасауы мүмкін, ал қазір дайындық процестері жүріп жатыр.

Неліктен өзіміз шығара алмаймыз? Себебі «Самарий оксабифор» – реакторлық препарат. Оны дайындағаннан кейін біздің орталыққа ұшақпен жеткізеді.

Бұл препаратты Қазақстан аумағында алғаш болып біз қолдандық. Бұны хайп үшін немесе жұлдыз тағу мақсатында жасаған жоқпыз. Дәрігер ретінде онкологияға шалдыққан науқастарымызға көбірек емдік тәсіл болса екен деп істедік. Жалпы, елімізде онкологиялық аурулар жаман емделмейді. Емнің барлық түрі қолжетімді. Басқа көрші немесе алыс-жақын елдермен салыстырғанда, бізде онкологиялық науқастар тегін емделеді. Қазақстан – әлемдегі онкологиялық науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін бірден-бір ел деп нық сеніммен айта аламын.

ПІБ МО ауруханасының Ядролық медицина орталығы

– Бұл жобаны енгізу қандай қаржы көздері арқылы жүзеге асты?

– Жобаны іске қосу үшін ешқандай қаражат кеткен жоқ. Өзіміз технологиялық регламент, яғни протокол жасадық. Препаратты қалай алып келу керек, науқасқа қалай кеңес беру керек, қалай және қанша мөлшерде енгізу керек, қанша уақытта салып отыру керек, қандай тексерістен өту керек деген сияқты мәселелерді шетелдік хаттамалар негізінде әзірледік. Оның мақсаты – жұмысымызды жүйелендіру.

1970 жылдары қабылданған Вена хаттамасымен жұмыс істейміз. Оның тиімділігі – ем науқас үшін жеңіл өтеді. Ол химиотерапияға жатпайды, науқастың емді көтеруі де жеңіл: ауырмайды, жүрегі айнымайды, шашы түспейді. Препарат тамыр ішіне енгізіледі, ал ол үшін стационарға жатудың қажеті жоқ. Дәріні енгізгеннен кейін науқас 4 сағат палатада жатады. Содан соң сцинтиграфия деген тексеруге апарып, кейін үйіне жібереміз.

Бұл препарат бәріне бірдей көмектеседі деп айтпаймыз. Бір науқасқа жақсы әсер етуі мүмкін, біреуіне көмектеспеуі мүмкін. Бұл әр адамның дәріге деген сезімталдығына, аурудың асқынуына, қаншалықты тарағанына және морфогенезіне байланысты.

– Бүгінде бұл препаратты қанша пациент қабылдады және қандай да бір оң нәтижелер байқалды ма?

– 2025 жылдың қазан айынан бастап емді белсенді түрде жүргізіп келеміз. Осы уақытқа дейін  80-ге жуық науқасты қабылдап үлгердік. Олардың барлығы бірдей толық айығып кетті деп айта алмаймын. Дегенмен науқастардың 80-90 пайызында жақсы көрсеткіштер байқалды: ауырсынуы басылды, сүйектеріндегі метастаздардың саны азайды.

Мамыр айының басында кейбір науқастарымыз 3-курсын қабылдауға келді. Олардың ішінде жағдайы жақсарғандар да бар. Ал 4-5 адамға ем әсер еткен жоқ, сондықтан курсты тоқтаттық.

ПІБ МО ауруханасының Ядролық медицина орталығы

– Еліміз алдағы уақытта осындай препараттарды өз күшімен шығаруға қауқары жетеді деп есептейсіз ба?

– Әрине. Ядролық медицина орталығының негізгі мақсаты – осы бағыттың алдыңғы қатарында болу. Радиофарм дәрілері шығарылатын арнайы зертханамыз бар. Радиофарм препараттар дәріханадан алынатын дәрілер сияқты емес. Мәселен, метионин деген препарат небәрі 20 минут қана, ал фтор-глюкоза 5-6 сағат қана жарамды. Сондықтан мұндай препараттар шығарылған соң бірден салынуы керек.

«Самарий оксабифор» секілді препараттарды әзірге арнайы шығара алмаймыз, ал ПЭТ-КТ жасайтын радиофарм препараттар өзімізде шығарылады. Жалпы, мұндай өнімдерді шығару үшін ғылым керек, маман керек, тәжірибе керек. Сондықтан былтыр ядролық медицина мамандарын даярлайтын резидентура аштық. Биыл Денсаулық сақтау министрлігінен 5 грант бөлінетін болды. Негізінде, ядролық медицина мамандары – өте тар бейінді мамандар.

2028 жылдың аяғында Тераностикалық орталық ашу жоспарланып отыр. 2029 жылдың басында алғашқы науқастарымызды қабылдаймыз деп үміттенеміз. Одан бөлек, қатерлі ісіктерді емдеуге қолданылатын радиофарм препараттардың түрлерін көбейту жоспарда бар. Оның көбі Ресей, Еуропа, Үндістан сынды елдерде бар. Халық амалсыз ем алу үшін сол елдерге ұшып кетеді. Біздің мақсатымыз – Қазақстанда өндіріп, халыққа қолжетімді ету.

ПІБ МО ауруханасының Ядролық медицина орталығы

– Ғалым ретінде алдағы уақытта отандық медицина саласында қандай ғылыми серпіліс күтуге болады деп ойлайсыз?

– Қазақстанда медицина қарқынды дамып келеді. Дегенмен бізде медицинаға және ғылыммен айналысуға қаржы жетпей жатады. Соған қарамастан, елімізде өте дарынды дәрігерлер көп. Өкінішке қарай, өзім білетін, жеке танитын дәрігерлер жалақының аздығынан шетелге кетуге мәжбүр болып жатыр.

Біздің жалақымыз аз да, көп те деп айта алмаймыз. Бірақ біз – энтузиаспыз. Медицинаға деген махаббатымыз үшін жүрміз. Біздегі мақсат – тиімді технологияларды енгізіп, халыққа қолжетімді ету. Ғалым ретінде жаңа препарат ойлап таппасам да, шетелдегі емдеу технологияларды елімізге әкеліп, осы жерде дамыту және енгізу.