12 декабря 2025 г. 11:55

Қазақстанда кәсіби коучтар тізілімі құрылады

Фото: freepik.com

Қазақстанда коучтарды халықаралық ICF стандарттары бойынша сертификаттау жүйесі енгізіледі. Онда мамандардың ұлттық тізілімін құру және бірыңғай біліктілік талаптарын енгізу қарастырылған.

Астана, NEGE. Премьер-министр Олжас Бектенов Cенат депутаттарының психология саласы бойынша коучтар мен мамандарды лицензиялауға қатысты депутаттық сауалына берген жауабында мемлекеттік органдар халықаралық тәжірибені зерттеп жатқанын мәлімдеген.

ICF Kazakhstan халықаралық коучинг федерациясымен бірлесіп әзірленген «Коучинг қызметі (коуч)» стандарты қазір Ғылым және жоғары білім министрлігінде қаралуда.

Құжатта қызметтің тоғыз бағыты қамтылған:

  • бизнес-коуч;
  • мансаптық коуч;
  • лайф-коуч;
  • топтық коуч;
  • көшбасшылық бойынша коуч;
  • денсаулық пен wellness бойынша коуч;
  • кәсіпкерлермен жұмыс істейтін коуч;
  • білім берумен айналысатын коуч;
  • спорттық даярлық коучы.

«Осы стандарт негізінде Ұлттық біліктілік жүйесінің career.enbek.kz цифрлық платформасында сертификатталған коучтар тізілімі құрылады. Халықаралық коучинг федерациясы (ICF) мамандарды даярлау, сертификаттар беру және тізілімге енгізу мәселелерімен айналысады, кәсіби құзыреттерді растаудың бірыңғай тетігін әзірлейді», – дейді Бектенов.

Премьер-министрдің мәлімдеуінше, ұлттық стандарттарды енгізу қызмет көрсету сапасын арттыруға, саладағы өзін-өзі реттеуді дамытуға, біліктіліктің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңа жүйе тұтынушылардың құқығын қорғауға да жағдай жасайды, өйткені ол азаматтарға коучтардың біліктілігін тексеруге, дайындалған мамандардың қызметтерін пайдалануға және олардың кәсіби деңгейі туралы шынайы ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Үкімет басшысы Мәжілісте қаралған тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі заңға енгізілген түзетулер коучтардың біліктіліктерін сертификаттармен растап, оны клиенттерге көрсетуді талап ететінін, сонымен қатар жалған ақпарат пен жалған жарнамаға тыйым салатынын еске салып өтті.