1 мая 2025 г. 11:31

Қазақстанда «Jibek Joly» радиосы өз жұмысын бастады

Фото: kazinform

ҚР Президенті Телерадиокешенінің жаңа «Jibek Joly» радиосы өз жұмысын бастады. Әуе толқынында алғашқы мерекелік таңғы эфир өтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform тілшісі. 

Алматы, NEGE. Жаңа радио «Астана» радиосының базасында құрылды және 101.4 FM жиілігінде хабар таратуды жалғастырады. Радио қазақ және орыс тілдерінде хабар таратады.

Алғашқы мерекелік эфирді ҚР Президенті Телерадиокешені «Jibek Joly» телеарнасының жұлдызды жүргізушілері – Айгүл Мүкей мен Әнуар Кәрбозов жүргізді. Бұдан бөлек, күн сайын сағат 7:00-де Жасұлан Айсағали мен Дильбар Жұмекенова тікелей эфирде «Таңғы Эспрессо» шоуын өткізеді.

– Бұл тұсаукесерге бірнеше ай дайындалдық, жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Радиоформатты өзгерту, музыкалық базаны жаңарту – бір күнде шешілетін шаруа емес. Лицензиялау, авторлық құқық мәселелері бар, сондықтан процесс әлі жүріп жатыр. Біздің басты мақсатымыз – табысты радио концепциясын құру, тыңдармандар қатарын кеңейту және жаңа форматтағы БАҚ болу. Радио музыкаға, көңіл күй мен эмоцияға басымдық береді, радио қасыңда отырған досыңдай әсер береді. Бізді көбірек адам тыңдап, әр таңы мен кешін бізбен өткізсе, жаңалықтарды бізден білсе дейміз. Бұл ретте өте кең аудиторияға бағытталып отырмыз, тыңдармандарымыз белсенді өмір салтын ұстанатын, ел мен қалада, әлемде болып жатқан оқиғаларға бейжай қарамайтын азаматтар болады деп ойлаймыз, – дейді «Jibek Joly» радиосының жетекшісі Наталья Буренкова.

«Jibek Joly» – ең талғампаз аудиторияға арналған музыка мен еркін сұхбат, өзекті контент алаңы болмақ. Радио жаңа таланттарды таныстырып, Қазақстанның заманауи музыкасын ілгерілету форматтарын енгізеді.

Ал «Jibek Joly» ән фестивалінде Қазақстанның жаңа музыкалық буын өкілдері тыңдарманын қуанта түспек. Олардың әндері радионың бірегей авторлық плейлисіне қосылады. Сондай-ақ Орталық Азия елдерінен жас, заманауи, қызықты орындаушыларды тартып, аудиторияны кеңейтуді көздейді.