Қазақстанда ипотеканы кім көбірек рәсімдейді: ерлер ме, әйелдер ме?

«Отбасы банктің» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың брифингте келтірген дерегіне сәйкес, мемлекеттік бағдарламалар бойынша төлем жасаушылардың 58%-ы – әйелдер болса, ал ерлердің үлесі – 42%. Сандық көрсеткіш бойынша мемлекеттік бағдарламалар аясында 2,07 млн әйел және 1,438 млн ер адам төлем жасаушы ретінде тіркелген.

magnific.com

Астана, NEGE. Бұл көрсеткіш тұрғын үй мәселесін шешуде әйелдердің ипотекалық бағдарламаларға белсенді қатысатынын көрсетеді.

Банк басшысы ипотека рәсімдейтін азаматтардың жас ерекшелігіне қатысты статистиканы да бөлісті. Оның айтуынша, мемлекеттік бағдарламалар бойынша банк салымшысының орташа жасы 35 жас болса, ал қарыз алушының орташа жасы 41 жас екен. 

Ал банктің нарықтық бағдарламаларында салымшылардың орташа жасы – 35 жас, қарыз алушылардікі – 39 жас.

Айта кетейік, бұған дейін Ләззат Ибрагимова зейнетақы жинақтарын пайдалану үшін жеткіліктілік шегінің айтарлықтай өсуі «Отбасы банктің» ипотекалық өтінімдеріне кері әсер етпегенін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, биыл түсімдердің өсім қарқыны өткен жылмен салыстырғанда 20 пайыздан жоғары болса, жыл басынан бері жинақ көлемі 800 млрд теңгеге жеткен.