Қазақстанда хантавирус таралуы мүмкін бе?

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мамандары «Қазақстанда хантавирус таралуы мүмкін бе» деген сұраққа жауап берді.

pixabay.com

Астана, NEGE. Мамандар қазіргі таңда Andes orthohantavirus (ANDV) деп аталатын оңтүстікамерикалық штамм ерекше қауіп тудырып отырғанын атап өтті. Бұл вирус адамнан адамға ұзақ әрі тығыз қарым-қатынас кезінде жұғуы мүмкін. Орталық өкілдері хантавирус инфекциясының таралуы жалпы тұрақты бақылауда екенін атап өтті.

«Andes orthohantavirus Қазақстан аумағында таралмаған. Елде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау жүйесі жұмыс істейді, инфекциялық қауіптерге мониторинг жүргізіледі. Зертханалық база мен мамандар індеттің сырттан әкелінуі мүмкін жағдайларын анықтауға және оларға қарсы әрекет етуге дайын», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар халықаралық қатынастар мен сапарлардың белсенділігіне байланысты вирустың сырттан әкеліну қаупі сақталып отыр. Осыған байланысты қазақстандықтарға шетелге шығар алдында эпидемиологиялық жағдайды алдын ала ескеру ұсынылады. Ол үшін Saqbol мобильді қосымшасындағы денсаулық қауіптері картасын пайдалануға болады.

Сондай-ақ мамандар мынадай қарапайым сақтық шараларын ұстануға кеңес береді:

  • жабайы кеміргіштерден аулақ жүру;
  • өлген жануарларға және олардың өлекселеріне қорғаныс құралдарынсыз қол тигізбеу;
  • тазалық жұмыстарын жүргізер алдында жабық бөлмелерді желдету;
  • жеке гигиенаны сақтау;
  • тек қауіпсіз суды пайдалану;
  • азық-түлікті арнайы қорғалған қаптамада сақтау.

Орталық мамандары қазіргі уақытта хантавирусқа қатысты жағдай бақылауда екенін және халықтың алаңдауына негіз жоқ екенін атап өтті.

Айта кетейік, жуырда Атлант мұхитында MV Hondius круиздік кемесінде хантавирустан үш жолаушы қаза тапты, тағы біреуі жансақтау бөлімінде жатыр.

Сондай-ақ Израильде бір адам хантавирустың еуропалық штамын жұқтырғаны хабарланды.

Қазір оқып жатыр

Политолог: «Әділет» – саяси стартап

Экология талаптарына сай келмейтін 20 жүк көлігі Қытайдан заңсыз әкелінген

Ата-аналар елімізде эпилепсияға қарсы дәрі тапшы деп шағымдануда

Тоқаев Алатау қаласы туралы Конституциялық заңға қол қойды