Қазақстанды газдандыру деңгейі 2035 жылға қарай 80%-ға дейін ұлғайтылмақ

Қазақстанды газдандыру деңгейін 2035 жылға қарай қазіргі 64,2%-дан 80%-ға дейін арттыру жоспарланған. Бұл жөнінде Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді. 

ortcom.kz

Астана, NEGE. Министрлік басшысының мәлімдеуінше, биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елді газдандыру деңгейі 64,2%-ға жетті, табиғи газға қолжетімділігі бар халық саны 13,1 миллион адамды құрады.

«2026 жылы газ тасымалдау жүйесін дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Барлығы 40 жобаны іске асыру көзделген, оның ішінде 7 ауыспалы жоба, 33 жаңа жоба.  Солтүстік өңірлерді газдандыру мақсатында 2025 жылғы 9 қазанда Қазақстан Республикасының Үкіметі мен "Газпром" жария акционерлік қоғамы арасында «Есіл – Астана» магистральдық газ құбырын салу жобасын іске асыру туралы меморандумға қол қойылды», – деп мәлімдеді Ақкенженов. 

Министрдің мәлімдеуінше, бұл жоба Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларын газбен қамтамасыз етуге, сондай-ақ елдің солтүстігіндегі төрт өңірге табиғи газ жеткізу маршруттарын құруға мүмкіндік бермек.

«Жергілікті атқарушы органдар іске асыратын газдандыру жобалары уақтылы қаржыландырылып, сондай-ақ "Есіл– Астана" магистральдық газ құбыры жобасы табысты іске асырылған жағдайда, елді газдандыру деңгейін 2035 жылға қарай 64,2%-дан 80%-ға дейін ұлғайту жоспарлануда», – деді энергетика министрі. 

Бұл ретте министр ішкі тұтынуға арналған тауарлық газ өндіру жоспарына да тоқталып өтті. Ведомство есебінше, тауарлық газ өндіру көлемі 2025 жылғы 27,4 миллиард текше метрден 2032 жылға қарай 35,5 миллиард текше метрге дейін ұлғайтылмақ, яғни 29,6% өсім күтуге болады.

Өсім, Ақкенженовтің айтуынша, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарындағы газ өңдеу қуаттарын қоса алғанда, тауарлық газ көлемін ұлғайту жөніндегі жобаларды іске асыру есебінен қамтамасыз етілмек.