Шұжықта не барын ДНҚ арқылы анықтайтын тест әзірленді

Қазақстандық ғалымдар ет өнімдерінің құрамында қандай қоспа бар екенін анықтайтын жаңа ПТР-тест жасады. 

shutterstock

Астана, NEGE. Тест-жүйені С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ғалымдары әзірлеген.

Тест жануарлар мен құстардың 17 түрінің ДНҚ-сын анықтай алады. Олардың қатарында сиыр, жылқы, шошқа, қой, ешкі, есек, ит, мысық, ақбөкен, марал, елік, арқар, егеуқұйрық, тышқан, тауық, үйрек және күркетауық бар.

«Шұжық өнімдерінің, жартылай фабрикаттардың, консервілердің және басқа да азық-түліктің нақты құрамы қаптамада көрсетілген ақпаратқа сәйкес келмеуі мүмкін. Әсіресе етті ұсақтағаннан, термиялық өңдеуден өткізгеннен немесе әртүрлі шикізат түрлерін араластырғаннан кейін оның басқа ет түрімен алмастырылғанын анықтау қиын», – деп түсіндірді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Сонымен қатар тест бір сынамадан бірнеше жануардың ДНҚ-сын бір мезгілде анықтауға мүмкіндік береді. Бұл зерттеулер санын және реагент шығынын азайтуға көмектеспек. 

Ведомствоның мәліметінше, ПТР-тест шикі етті де, шұжық, ветчина және ет консервілері сияқты өңделген өнімдерді де тексеруге арналған.

Тест-жүйеге патент алынған. Жаңа әзірлемені ветеринариялық және сынақ зертханалары, мемлекеттік бақылау органдары мен тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары пайдалана алады.